АҚШ-тағы сайлау: демократтар Сенатта бақылау басымдығына ие болды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Демократиялық партия Сенаттағы бақылау басымдығын сақтап қала алды. БАҚ Невададағы аралық сайлауда демократ Кэтрин Кортес Масто жеңеді деп болжап отыр. Палатада бақылау жүргізу үшін күрес әлі де жалғасып жатыр, дегенмен АҚШ президенті, демократ Джо Байден сайлау нәтижелеріне риза екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

Алты жыл бұрын Сенатқа алғаш болып сайланған латынамерикалық Масто республикалықтардың кандидаты Адам Лаксальтты басып озды. Адам Лаксальтты бұрынғы президент Дональд Трамп қолдаған болатын.

Осылайша, қазіргі уақытта Сенатта Демократиялық партия 50 орын, Республикалықтар 49 орынға ие болып отыр.

Дауыс беру нәтижесі әзірге белгісіз жалғыз штат – Джорджия. Онда 6 желтоқсанда Сенат сайлауының екінші кезеңі өтеді. Алайда, республикалықтардың кандидаты Джорджияда жеңіске жетсе де, Сенаттағы тең дауысты АҚШ вице-президенті, демократ Камала Харрис шешеді.

«Мен ризамын және келесі жылдарды асыға күтемін», - деді Джо Байден сайлаудың болжамды нәтижесіне байланысты.

Сенатта бақылау басымдығын сақтау демократтар Байден ұсынған кандидаттарды, соның ішінде федералды судьяларды ресми лауазымдарға бекіте алатынын білдіреді.


Соңғы жаңалықтар