АҚШ-тағы қазақ студентімен сұхбат: Үш мамандыққа қатар оқу, Лос-Анджелестегі өмір, пандемия жайлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – АҚШ-тың Оңтүстік Калифорния университетінде адамзаттың мәдениетін, тарихын, өнерін зерттейтін факультетпен бірге қосымша кинорежиссер және актер мамандықтарын қатар оқып жатқан Жанат Дәлеймен сұхбаттасқан едік. Ол өзі тұратын штат, оқып жүрген оқуы, Лос-Анджелестегі пандемия, жергілікті халықтың өмірге деген көзқарасы, сондай-ақ басқа да мәселелер туралы ой бөлісті.

- Сіз қазір Оңтүстік Калифорния университетінде оқиды екенсіз. Қашан бардыңыз, қандай мамандықта оқып жүрсіз? Сұрақты осыдан бастасам...

- Өткен жылы қазан айында оқу мақсатында Лос-Анджелес қаласына келдім. Содан осында төрт айдай уақыт тіл курстарында оқыдым. Курстан кейін емтихан тапсырып, Оңтүстік Калифорния университетіне оқуға қабылданып, адамзаттың мәдениетін, тарихын, өнерін зерттейтін факультетке (Southern California State University International culturе) оқуға түстім. Бұл мамандықта адами құндылықтар, көшбасшылық білім, әлемдік тарих, Азия, Еуропа, Орта Шығыс елдерінің тарихы сияқты салалар бойынша білім береді.

Сонымен қатар өзімнің жеке қызығушылығыма сай, Голливуд маманынан қосымша режиссерліктен сабақ алып жүрмін. Қазір Америкада танымал Тони Барр (Tony Barr) деген маманның актерлік шеберханасында оқып жатырмын. Сонымен қатар Рон Ховард (Ron Howard) деген АҚШ-та танымал режиссердің онлайн сабақтарына қатысып, режиссерлік білімімді жетілдіру үстіндемін.

– Сонда бұл салаларға жақындығыңыз бар болып тұр ғой. Бұрын киноға түскен бе едіңіз?

– Иә, бұрын Қазақстанда киноға түскенмін. Ең алғаш рет деректі фильм түсіретін әлемге танымал Niobe Thomsonдеген канадалық режиссер түсірген «Жылқылар аңызы» (Equus, Story of horse) атты фильмге түстім. Онда ежелгі аңшылардың жылқыны қалай аулағаны баяндалатын бөлімінде тайпа аңшысының рөлін сомдадым. Одан кейін «Қазақ хандығының» «Алтын тақ» сериалында қосымша рөл, «BBC» телеарнасының «Өмір ағысы» деген Жетісу қазақтары жайлы бөлімінде бір рөл, Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмінде екінші дәрежелі рөл алып, онда да тайпаның генералы болдым. Тағы бірнеше телехикаяларда (Балапан телеарнасында) қосымша рөлдерді ойнадым. Сосын Ербол Бораншының Мағжан Жұмабаев туралы деректі фильмінде бір батырды сомдап шыққаным бар. Осы жаққа келгендегі негізгі мақсатымның бірі кино режиссері мамандығын оқысам ба деген ой болатын...


– Жалпы өзіңіздің бұрын оқыған мамандығыңыз қандай еді?

– Өзімнің мамандығым кино анимациясы (3D анимациясы) болатын. Сол саланың маманы ретінде диплом алғанмын.

– Ендеше анимация бойынша туындыларыңыз бар шығар...

– «Аңызфильм» киностудиясы мен Қазақфильмнің бірлескен «Алтын адам» жобасын 3D мен жасайтын болып, сонда аниматор ретінде біраз уақыт жұмыс істегенбіз. Өкінішке қарай, 2D-лық көрініспен жасалатын болып, ол жерден кеттім. Сосын Қазақстанда «Дешті Қыпшақ ұлттық ойындары» деген федерация аштым. Бұл жоба бойынша үш рет республикалық деңгейде жарыстар өткіздік.

Ендігі сұрақты күллі әлемге өзекті мәселе болып тұрған қауіпті індет жайынан қойсам. Сіз тұратын қаладағы, штаттағы жағдай қалай? Ондағылар вирустан қалай сақтанады? Төтенше жағдай режимі немесе карантин шектеулері болды ма?

– Қазір Лос-Анджелесте індеттің көрсеткіші жоғары деп есептеледі. Бірақ тұрғындар тәртіпті сақтауға тырысып, көшеде маскасыз жүрмейді. Адамдар арасындағы екі метр қашықтықты бұзбайды деуге болады. 18 наурыздан бастап, шілде айы аралығында үш ай карантин болды. Сол уақытта көшеде бірде-бір машина болмады. Көшеге адам баласы шыққан жоқ. Сөйтіп, олардың қатаң тәртіпке саналы түрде бағынатынын өз көзіммен көрдім.

– Әрине қай елде болмасын, қатаң карантин адамдардың көңіл-күйіне кері әсерін берді деп жатыр. Сол жөнінде не айта аласыз?

–Иә, оныңыз рас, кешке дейін үйде қамалып отырғанның пайдасынан зияны басым болуы мүмкін. Алайда мен көрген ортада, уақытша қиындыққа төзе алмай, басқаларға теріс әсерін көрсетіп жатқан адамдарды байқамадым. Мұндағылар көңіл күйі болмаса да, басқаларды ренжітуге қақымыз жоқ деп біледі екен. Сондықтан да олар қашанда өзгелермен жайдары мінезімен, жақсы сөздерімен сөйлесуге тырысады.

– Қазіргі өмір сүріп жатқан ортаңыздың немесе оқитын жоғары оқу орыныңыздағы сізді таңғалдырған жайттарды айтып берсеңіз...

– Мені таңғалдырған нәрсе өте көп. Бұл жақта әрбір адам кішкентай кезінен бастап жеке тұлға болып қалыптасады екен. Қандай жағдайда болмасын, біреудің киген киіміне, жеке көзқарасына, істеген ісіне, тұлғалық дағдысына ешкім араласпайды. Осылайша адамдар өзінің жеке кеңістігінде өмір сүреді. Маған ұнағаны - мұндағы халық спортпен көп айналысады. Табиғат аясында көбірек жүруге көңіл бөледі. Олар демалуды, қыдыруды күнделікті өмір салтына айналдырған. Сосын адамдар арасында тәртіп бар. Мысалы, Лос-Анджелес көшесінің жолдарында машина өте көп. Үнемі көлік кептелісі болады, бірақ бірде-бір сигнал дауысын естімейсің. Қандай жағдай болмасын, біріне бірі жол беріп, өзара іштей түсіністікпен кете береді. Адамдар қашанда көңілді жүруге тырысады және сыпайылықты, мәдениеттілікті өмір дағдысына айналдырған. Ал жоғары оқу орнына келетін болсақ, талантты, оқуға ынталы шәкірттерді ерекше қолдайтыны айқын аңғарылады.

- Көкейімде жүрген ойым бар деп қалдыңыз. Сол ойыңызды білсек...

- Иә бұл жаққа келген соң осылардың жетістіктерге жетуінің сыры не деген ойға келесің. Менің ойымша, біздің замандастарымыз ойын мен арзан күлкіге және ақшаның соңын қумаса екен дегім келеді. Бізді құтқаратын нәрсе ғылым, білім екеніне көзім жетті. Егер біз сияқты жастар ғылымға құштар болсақ, онда еліміз әлемнің алдыңғы қатарына өтетініне сенімдімін. Бізге керегі - ғылым-техниканы дамыту. Тым болмағанда бір саланы мықтап дамытуымыз керек. Мысал ретінде айтайық, Илон Маск ең талантты адамдарды жинап, соларды оқытты, білімін жетілдірді. Соның нәтижесінде «Тесла» деген машинаны жасап шықты. Сол сияқты ғарышқа ұшу құралдарын жасады, оның ғылыми орталықтарын тереңдете дамытты. Біз де сондай бір салаға көңіл бөліп, қаржыны көптеп бөлу керек деп ойлаймын. Ғылыммен айналысқан жастар тұрмыс туралы еш алаңдамауы керек. Жастарды әлемнің ең дамыған елдерінде оқытып, елге оралғанда алаңсыз өз мамандығының соңына салса деп армандаймын. Шетелден мықты оқу орындарында оқып келді ме, ендеше елге оралған соң да Қазақстанның ғылым, білімін дамытатын арнайы зерттеу орталықтарында жұмыс істеуі қажет. Егер шетелден оқып келгендерді осылай жүйелі түрде пайдалансақ, еліміз ары кетсе 10-15 жылда әлемнің дамыған елдерінің қатарына өтіп кетер еді деп ойлаймын.



Соңғы жаңалықтар