АҚШ-тағы 2024 жылғы президент сайлауы: негізгі үміткерлер кімдер

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Америка Құрама Штаттарындағы кезекті президент сайлауына бір жарым жылдан астам уақыт қалды. Әдеттегідей, сайлау 2024 жылдың қараша айында өтуі тиіс. Десе де, бүгінде Вашингтонда ең жоғары лауазым үшін күрес басталып кеткенін байқауға болады. Уақыт өте келе саяси бәсекенің одан әрі қызып, күшейе түсетіні анық. Бүгінде қазіргі президент Джо Байденнің екінші мерзімге баруы мүмкін екені белгілі болды. Дегенмен ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Ал Ақ үйдің экс-басшысы Дональд Трамп қана сайлауға қатысуға ниетті екенін ресми түрде мәлім етті.

Осыған байланысты, АҚШ-тың сайлау жүйесіне аз-кем көз жүгіртіп, елдегі басты саяси науқан жайлы материал дайындауды жөн санап отырмыз. Джо Байденнің екінші мерзімге сайлануына америкалықтардың көзқарасы қандай? Оның президенттік қызмет кезіндегі артықшылықтары мен кемшіліктері қандай? Трамптың жеңіске жетуге мүмкіндігі бар ма? Саясат сахнасындағы жаңа тұлға Рональд Десантис деген кім? Өз кандидатурасын кімдер ұсынуы мүмкін? Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

АҚШ-тағы сайлау жүйесі

АҚШ-тағы сайлау жүйесі біздікінен өзгеше. Қазақстанда президентті бүкілхалықтық сайлауда дауыс беру арқылы сайлайды, яғни халықтың көп даусын жинаған үміткер президент болады. Ал АҚШ-та ел президенті атану үшін үміткерлерге халықтың басым даусына ие болу міндетті емес. Америкалықтар президент сайлауына дауыс берген кезде келесі президенттің кім болатынын тікелей анықтамайды. Бұл елдің президенті бірнеше сатылы жүйе арқылы сайланады.

Фото: Henryk Sadura/Getty Images

Мәселен, келер жылдың 5 қарашасында ел азаматтары президент сайлауына түсетін үміткерлерге дауыс береді. Бірақ сайлаудың ресми қорытындысы әр штаттан таңдалған 538 таңдаушының дауысы арқылы шығарылады. Өйткені АҚШ-тағы сайлау жүйесі мен ережесі Электоралды колледж бойынша жүзеге асады, яғни келесі президенттің кім болатынын әр штаттың атынан шығатын өкілдер анықтайды. Сондықтан сайлау нәтижесі халықтың жаппай берген даусына тәуелді болмайтын кездер де болады. Мысалы, 2016 жылғы сайлауда Хиллари Клинтон 2,9 миллион дауыс артық жинаса да, 304 таңдаушының даусына ие болған Дональд Трамп жеңіске жеткен еді. Бұл АҚШ тарихында халықтың аз даусын жинап, президент болған бесінші сайлау болды.

Таңдаушылар кімдер және олар қалай таңдалады?

Жалпы таңдаушылар дегеніміз кімдер? Түсінікті болу үшін алдымен осы сауалға жауап берейік. Ережеге сәйкес, әр штаттан сол аймақта өмір сүретін халықтың санына байланысты өкілдер таңдалады. Мысалы, халық саны жағынан ең үлкен Калифорния штатында 55 таңдаушы немесе сайлау алқасының өкілі болса, ең аз адам тұратын Вайоминг штатында небәрі 3 өкілдің дауысы қорытынды есепке алынады. Айта кетейік, Калифорнияда тұратын халық Вайомингтегілерден шамамен 70 есе көп. Осылайша, бір штатта азаматтар кімге көбірек дауыс берсе, халық атынан таңдалған өкілдердің барлығының даусы жеңіске жеткен үміткердің пайдасына жазылады. «Жеңіске жеткен барлығына ие болады» деген ұстаныммен құрылған. Сондықтан да президент болу үшін АҚШ бойынша барлық 538 өкілдің кемінде 270-інің даусын жинау керек.

Фото: smapse.ru

Сайлау науқаны басталған тұста көптеген штаттардың қайсысы қандай партияны қолдайтыны алдын ала белгілі болады. Кей өңірлер бұрыннан дәстүрлі түрде республикашылар жағында болса, ал кейбіреуі демократтарды қолдайды. Дегенмен қандай таңдау жасайтыны белгісіз штаттар да бар. Олар жыл сайын өзгеріп отырады. Сондықтан да үміткерлер сайлау науқаны барысында осындай штаттарға баса назар аударады. Өйткені қай партия өкілінің президент болатыны осы өңірлерге байланысты.

Еске салайық, АҚШ-тың бас қаласы Вашингтон штат болып саналмайды. Оның айналасын қосып, Колумбия округі деп атайды. Қаланың Сенатта да, Өкілдер палатасында да адамы жоқ. Алайда АҚШ конституциясына енгізілген 23-түзету бойынша, Колумбия округінің сайлау алқасында үш өкілі, яғни үш даусы бар.

Жалпы Американың президенті атану үшін үміткер кем дегенде 270 таңдаушының даусын жинауы керек. Егер сайлау алқасында екі кандидат тең түссе, екеуінің біреуін Өкілдер палатасы президент етіп тағайындайды.

Үміткерлерге қандай талаптар қойылады?

АҚШ президенттігіне үміткер болатын азаматтарға қойылатын талаптар да қарапайым. Оның қызметі 1787 жылы қабылданып, 1789 жылы күшіне енген АҚШ Конституциясында көрсетілген. Конституцияның 2-бабына сәйкес, осы елде туып-өскен, кемінде 14 жыл АҚШ-та тұрып жатқан және сайлау кезінде 35 жасқа толған кез келген АҚШ азаматы президент болып сайлана алады.

Фото: Getty Images

2024 жылғы сайлауда кімдер үміткер болуы мүмкін?

Бүгінде АҚШ-та 2024 жылы өтетін сайлау қызу талқыланып жатыр. Оған кімнің түсетіні әлі белгісіз. Қазіргі президент Джо Байден әзірге сайлауға қатысып-қатыспайтыны жөнінде ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Тек бұрынғы президент Дональд Трамп қана сайлауға қатысуға ниетті екенін айтты. Ол өткен айдың басында тіпті сайлауалды науқанды бастап та жіберді.

Жалпы Республикалық не Демократиялық партиялар атынан (АҚШ-тағы екі негізгі партия) президенттікке ресми кандидат болу үшін үміткер праймеризде жеңіске жетуі тиіс. Бұл процестер 2024 жылдың ақпанында басталып, маусымға дейін жалғасады. Ал сайлауға қатысу туралы ресми шешім жазда Республикалық және Демократиялық партиялардың съезінде қабылданатын болады.

Америкалық БАҚ-та шыққан сайлауға қатысты материалдарға көз жүгіртсек, олар президенттікке үміткер ретінде бірнеше кандидатты жазып жатыр. Солардың арасындағы танымал, сарапшылардың пікірі бойынша, «президент болуға ықтималдығы жоғары» бірқатар саясаткерге тоқталып көрейік. Олар кімдер және АҚШ-тың саясат сахнасындағы орны қандай?

Джо Байден

Бірінші кезекте, әрине, Ақ үйдің қазіргі қожайыны Джо Байден тұр. Байден – Демократиялық партияның өкілі. Ол бұған дейінгі сұхбаттарында 2024 жылғы президент сайлауына қатысуға ниетті екенін бірнеше рет айтты, алайда нақты шешімді 2023 жылдың басында қабылдайтынын ескерткен болатын. Биылғы қаңтардың басында Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер баспасөз мәжілісінде Джо Байден әлі де мемлекет басшысы ретінде екінші мерзімге сайлауға түсуге ниетті екенін мәлім етті. Сарапшылар, осыған қарап-ақ, оның сайлауға қатысу ықтималдығы жоғары деп болжам жасайды.

Фото: Patrick Semansky/AP Photo

БАҚ-тағы ақпаратқа сүйенсек, АҚШ-тың 46-президенті биылғы 7 ақпанда өтетін АҚШ Конгресінің қос палатасына жыл сайынғы үндеуінен кейін президенттікке қатысты шешімін жариялайды деп күтілуде.

Жалпы сарапшылар Джо Байденнің саяси аренадағы абыройы 2023 жылдың басында біршама жақсарғанын айтады. Мәселен, Yahoo News және YouGov сауалнамасына сәйкес, сұрауға қатысқан демократтардың жартысынан көбі Байденге дауыс бергісі келетінін айтқан. Дегенмен Newsweek басылымының жазуынша, қаңтардың ортасындағы құпия құжаттармен байланысты жағдай азаматтардың Байденге деген сенімін шатқаяқтатып жіберді. Еске салайық, осыдан екі апта бұрын Вашингтондағы Байден атындағы дипломатия және жаһандық ықпалдастық орталығынан, содан кейін Делавэрдегі жеке гаражы мен президенттің резиденциясынан құпия құжаттар табылған еді. Басылым бұл даудың Байденге кедергі болуы мүмкін екенін атап өтті. «Құпия» деген белгісі бар құжаттар Байденнің вице-президент болған кезіне тиесілі екен. Айта кету керек, «құпия» саналатын құжаттардың Ақ үйден тыс жерге шығарылуы құпия құжаттарды пайдалану ережесін өрескел бұзу болып саналады.

Сонымен қатар сарапшылар Байденнің президенттігі кезінде АҚШ-та инфляция деңгейі артып, экономикалық жағдайдың да нашарлағанын талқылап жатыр. Бұл осы сайлау нәтижесіне тікелей әсер ететін фактор болмақ дейді мамандар. Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков те осы пікірде. 2022 жылдың мамырында елдегі инфляция 8,6%-ға жетті, бұл соңғы 40 жылдағы рекордтық көрсеткіш екенін айта кету керек. Рекордтық инфляциямен күресу үшін АҚШ-тың қаржы органдары ақша-несие саясатын қатайтып, базалық мөлшерлемені көтеруге кірісті. 2023 жылдың басына қарай ол 4,5 пайызға жетті. Аталған институт сарапшысының айтуынша, мұндай экономикалық көрсеткіштер сайлау кезіндегі науқанда Байденнің рейтингісіне кері әсері етуі әбден мүмкін.

Фото: Shutterstock

«Инфляция 2022 жылдың желтоқсанында 6,5%-ға дейін аздап баяулады. Дегенмен экономикалық белсенділіктің төмендеуіне әкелетін қатаң шаралардың салдарынан АҚШ қазір рецессияға ұшырау қаупінде тұр. Күрделі рецессия сценариінің болуы екіталай екені анық, бірақ экономикалық мәселелердің шарықтау шегі сайлау кезеңіне дейін жетуі мүмкін, бұл қазіргі әкімшілікке қатысты сынды күшейтіп, Байденнің қарсыластарының қолындағы басты уәжге айналуы мүмкін»,-деді сарапшы.

Сонымен бірге ол Байденнің қайта сайлану мүмкіндігі көбіне республикашылдардың кандидат ретінде кімді ұсынатынына байланысты болатынын атап өтті.

Дегенмен Бостон университеті саяси ғылымдарының құрметті профессоры Вирджиния Сапиро Байденнің қоғамдағы рейтингінің төмендеуі оның саяси не экономикалық қателіктерінен ғана емес, оның қызметке өте қиын уақытта келгенінен болып отыр дейді. Өйткені Джо Байден президенттігінің бірінші жылында жағдай жаман болған жоқ. Мәселен, оның 2021 жылдың наурыз айында дағдарысқа қарсы 1,9 триллион доллар болатын пакеті Конгрестің екі палатасының да қолдауына ие болды. Осы бағдарлама аясында көптеген отбасыға, әсіресе індеттен зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетілді. Байденнің жыл соңында АҚШ-тың 1,2 триллион долларлық инфрақұрылымдық жоспары мақұлданды. Алайда көпшілік Байденнің ең үлкен қателігі деп 2021 жылдың тамыз айындағы АҚШ әскерінің Ауғанстаннан шығарылуын айтады. Кейін Талибан елдегі билікті өте жылдам басып алды, бұл әсіресе әйелдердің құқықтары мен жалпы адам құқықтарына қатысты жағдайдың ушығуына әкелді дейді мамандар.

Дональд Трамп

Екінші үміткер – Дональд Трамп, Республикалық партияның өкілі. Былтыр қарашада АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп 2024 жылғы президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді. Еске салайық, ол 2017-2021 жылдары ел президенті болды. Экс-президент өткен жылы Нью-Гэмпшир мен Оңтүстік Каролинадағы жақтастарымен кездесу барысында қазіргі президент Джо Байден әкімшілігінің Украинадағы қақтығыс, АҚШ әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуы және АҚШ-Мексика шекарасындағы иммиграция сияқты сыртқы саяси шешімдерін сынады. Дегенмен, сарапшылар бұл саяси бәсеке Трампқа оңайға түспейтінін айтып отыр.

Фото: Jonathan Ernst, Reuters

Олар Трамп сегіз жыл бұрын сайлауға түскенде оның саясатта тәжірибесі жоқ болғанын, яғни саяси аренада абыройының таза болғанын айтады. Сондықтан да оның сөзі мен уәделеріне халық сенім білдірді. Сол уақыттағы сайлау науқаны кезінде Трампта бұрынғы сәтсіз жобалары не болмаса орындалмай қалған уәделері жоқ еді. Ал қазіргі таңда бәрі өзгерді. Сарапшылар президенттік еткен жылдары Трамп берген көптеген уәдесін орындамағанын алға тартады. Оның партияластары, яғни Республикашылдар Трампты демократтардың денсаулық сақтауға қатысты реформасын тоқтатпағаны үшін, инфрақұрылымды дамыту үшін қаржы бөлуге уәде беріп, орындамағаны үшін әлі күнге айыптайды.

Сонымен қоса оның пандемия кезіндегі шулы мәлімдемелерін Америка халқы ұмытқан жоқ деп санайды сарапшылар. Оларлың сөзінше, пандемияның ауыр салдарына қарамастан, коронавирустың таралуын, оның қауіп-қатерін жоғары деңгейде бағалаған жоқ. Трамп өзін қатаң шаралар қабылдауға шақырған сарапшылармен дауласып, бетперде тақпай, сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын тоқтатпай, жалғастыра берді. Ел экономикасына кесірін тигізеді деп, карантин енгізуге асықпады. Сондай-ақ сарапшылар оның дағдарыс кезінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан (ДДҰ) шығуға шешім қабылдағанын да айтып, сынап отыр.

Сонымен қоса 2021 жылғы 6 қаңтарда Трамп жақтастарының президент сайлауының нәтижесімен келіспей, Капитолийге басып кіргені елдің есінде. Өйткені оның алдын Трамп нәтижемен келіспей, өзінің жақтастарын митингіге шақырған еді. Қазіргі таңда осы жағдайдың ақ-қарасы зерттеліп, Трамптың оқиғаға қаншалықты қатысы бар екеніне тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сарапшылар бұл мәселенің де Трамптың сайлауға қатысуына, жеңіске жетуіне кері әсерін тигізетінін айтады.

Фото: arapahoevotes.gov

Бұдан бөлек Трамп Джорджия штатында сайлау кезіндегі алаяқтыққа қатысы бар деп айыпталды, сондай-ақ жыныстық зорлық-зомбылық туралы айыптаулар да болды. Қазіргі кезде сотта бірқатар процестер жүріп жатыр. Сонымен бірге Ақ үйден көшкеннен кейін оның үйінен құпия материалдардың табылғаны да президент болу ықтималдығын азайтуы мүмкін, дейді мамандар.

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков Трамп бұл процестердің шешімін тапқан күннің өзінде, оны партияластарының, яғни Республикашылдардың қолдауы екіталай екенін айтады.

«Алдағы сайлау төңірегіндегі тағы бір мәселе әлі шешілмей отыр. Трамп президент лауазымы үшін күрескісі келетінін білдірсе де, партияластарының мақұлдауын алуы керек. Өз партиясының ішінде де оның әлеуетті бәсекелестері болуы мүмкін»,-деді ол.

Айта кетейік, егер Трамп президент болса, ол ант берген уақытта 78 жасқа толады. Байден осы жаста президенттік қызметіне кіріскен еді. Олай болса, Трамп АҚШ тарихындағы ең қарт екінші президент атануы ықтимал.

Рональд Десантис деген кім?

БАҚ беттеріндегі ақпаратқа көз жүгіртсек, республикашылдардың көпшілігі Ақ үй басшысы лауазымына өз кандидаттарын ұсыну мүмкіндігін қарастырып жатқаны жөнінде айтылады. Олар қазіргі Флорида штатының губернаторы Рональд Десантисті үміткер ретінде ұсынуы мүмкін деген де пікір бар. Ол да Республикалық партияның өкілі. Сарапшылар оны Трамп үшін «ең үлкен саяси қауіп» деп санайды. Сондай-ақ ұстанымдары мен пікірлеріне қарап, америкалықтар оны «Трамптың жастау түрі», «Ақылды Трамп» деп те атап жүр.

Жұмабек Сарабековтің пікірінше де, Рональд Десантис Трампқа қарсылас болуы мүмкін. Екеуінің де бір партиядан екенін ескерсек, тартыс қыза түсетін секілді. «Көпшілік Трамптың «жас» және «жетілдірілген» нұсқасы деп атайтын Флорида губернаторы Рон Десантис те Республикалық партияның праймеризіне қатысуға өтініш бере алады. Washington Post газетінің хабарлауынша, Десантис қазірдің өзінде дайындалып жатыр. Сонымен бірге праймеризге АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Майк Пенстің де қатысуы мүмкін екені айтылып жүр»,-деді сарапшы.

Жалпы Рональд Десантис Американың саяси сахнасындағы салыстырмалы түрде жаңа тұлға. Ол алғаш рет Өкілдер палатасына 10 жыл бұрын, 34 жасында сайланды, бірақ федералды деңгейде ол 2019 жылы губернатор сайлауындағы алғашқы жеңісіне дейін іс жүзінде белгісіз еді.

Фото: Joe Raedle/Getty Images

Негізінен оның саяси көзқарастары экс-президент Трамппен ұқсас әрі ол кезінде Трамптың саясатына қолдау білдірген. Мәселен, Израильдегі АҚШ елшілігін Иерусалимге көшіруді қолдап (Трамптың сайлау алдындағы уәделерінің бірі), Ресейдің АҚШ-тың президенттік сайлау науқанына араласуына күмән келтірген еді. Америкалық БАҚ Трамп бір кездері оның саясатта өсуіне көп үлес қосқанын жазып жатыр. Бірақ өзіне жақтас емес, қарсылас дайындағанын сол сәтте өзі де білген жоқ дейді сарапшылар.

Дегенмен, оның ұстанымдары сайлаушыларға ұнайтын секілді. Флорида штатын басқарған үш жыл ішінде губернатордың қабылдаған шешімдері оның танымалдығын арттыра түсті. Оның губернаторлық қызметке келуі пандемиямен тұспа-тұс келді. Көптеген сарапшының пікірінше, Десантис өзінің негізгі саяси ұпайларын осы кезеңде жинады. 2020 жылдың наурыз айының ортасында басқа штаттардан бұрын Флоридада қатаң карантин талаптары енгізілді және вирусты тексеретін жүздеген орталықты ашуға мұрындық болды. Осы уақытта Америка бетперде тағу қажет пе деп дауласып жатқанда, Десантис мемлекеттің ақшасына бірнеше миллион маска сатып алуға тапсырма берді. Тіпті сол кездегі президент Трамптың өзі карантин шараларына қарсы шығып жатқан тұста, Флорида штатының губернаторы Десантистің пандемия кезіндегі қолға алған іс-шарасы оның танымал болуына ықпал етті дейді сарапшылар. Сондықтан да мамандар 44 жастағы саясаткердің президенттікке үміткер болуға ықтималдығы жоғары деп санайды.

Сарапшы пікірі: «АҚШ-Қытай қарым-қатынасы нашарлауы мүмкін»

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков Ақ үйдің басшылығына кімнің келетіні АҚШ-тың өзінен бөлек, оған алыс-жақын елдерге қатты әсер ететінін атап өтті. «Қазіргідей геосаяси мәселелердің ушығып тұрғанын әрі әлемдік экономикада да, саясатта да АҚШ негізгі ойыншылардың бірі екенін ескерсек, сайлау нәтижесі қарапайым американдықтардың ғана емес, сонымен қатар Америкадан тыс көптеген елдің тағдырына қатты әсер ететіні анық. Америкалықтардың сайлау алдындағы көңіл-күйіне Украинаға қатысты ұстаным мен жағдай әсер етеді. Қазір біз Киевті қолдау президент Байденнің сыртқы саяси күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің біріне айналғанын көріп отырмыз. Президенттікке үміткерлердің пікірталасы осы көмек бағдарламасының қаншалықты сәтті жүзеге асқанына арналады»,-деді сарапшы.

Сонымен қоса ол АҚШ президенттігіне үміткерлер өздерін «Қытай қаупіне» қарсы мықты күрескер етіп көрсететінін де атап өтті. «Нәтижесінде, сайлау алдындағы және одан кейінгі кезеңде біз АҚШ-тың Қытайға қарсы санкцияларының жаңа сериясын және жалпы алғанда, АҚШ-Қытай диалогының одан әрі нашарлайтынын көруіміз мүмкін. Дегенмен, бұл әлемдік экономикаға, сонымен қоса өндіріс процестеріне кері әсер етуі мүмкін»,-деді Жұмабек Сарабеков. Сөз соңында сарапшы сайлауға қатысты нақты болжамдар жасауға әлі ерте екенін тілге тиек етті.

Фото: smapse.ru

Бүгінде АҚШ-тағы президент сайлауы төрткүл дүние көз тігетін басты саяси додаға айналып үлгерді. 2024 жылы президент сайлауына кім қатысатыны әзірге белгісіз. Дегенмен қызу тартыс қазірдің өзінде басталып кеткенге ұқсайды...

Главное фото: Getty Images


Соңғы жаңалықтар