АҚШ-та жолаушы ұшағын ұрлаған жұмысшының кім екені анықталды

None
None
CИЭТЛ. ҚазАқпарат - Жолаушылар ұшағын Сиэтл әуежайынан Horizon Air әуе компаниясының жұмысшысы, Вашингтон тұрғыны Ричард Рассел ұрлаған, деп хабарлайды ТАСС Associated Press-ке сілтеме жасап. 

Бірақ ресми түрде бұл туралы әлі жарияланған жоқ. AP таратқан мәліметке қарағанда, Аляска штатындағы Уасилл қаласында туған Рассел кейінірек Самнерге (Вашингтон штаты) қоныс аударған. Расселдің әлеуметтік желідегі парақшаларындағы ақпаратқа сенсек, ол 2012 жылы үйленген.

Желіге жариялаған видеоларының бірінде Рассел өзінің жұмысы туралы, онда көптеген чемодандарды тасымалдайтынын айтқан. Бұған дейін билік өкілдері ұшақ ұрысының Horizon Air-дің ұшақтарды тіркеп, сүйрейтін және жүк тасымалдайтын жұмысшылары құрамынан екенін айтқан.

Еске сала кетейік, АҚШ-тың Вашингтон штатында әуе компаниясының 29 жастағы жұмысшысы Сиэтл әуежайынан Horizon Air-ға тиесілі Q400 жолаушылар ұшағын ұрлап кетіп, лайнер Пьюджет шығанағына барып құлаған болатын.

Құқық қорғау органдарының мәлімдеуінше, бұл оқиғаның террористік актілерге қатысы жоқ, жұмысшы өзіне өзі қол жұмсау мақсатында осындай қадамға барған. Ұшақта жолаушылар болмаған, әуежайда да ешкім зардап шекпеген. Ұшақ әуеге көтеріле берген тұста оны АҚШ әскери әуе күштерінің жойғыш ұшақтары қадағалап отырған. 

Horizon Air әуе компаниясы құрамына кіретін Alaska Air Group холдингінің бас директоры Брэд Тильден жұмысшының барлық қауіпсіздік тексерістерінен өткенін, ұшақ ұрланған аймаққа кіруге заңды құқығы болғанын мәлімдеді. Дегенмен, ұшақты басқаруға оның лицензиясы болмаған.

Соңғы жаңалықтар