АҚШ-та ұшақ таситын атом кемесін алғаш рет әйел басқарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – АҚШ-та елдің әскери-теңіз күштері тарихында атом авиатасымалдағышын басқару алғаш рет әйел адамға жүктелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат dw.com-ға сілтеме жасап.

Капитан Эми Бауэрншмидт Abraham Lincoln авиатасымалдағышының командирі болып алғаш рет 2020 жылдың желтоқсанында тағайындалды. 23 тамызда Германия БАҚ-тары 19 тамызда Сан-Диего қаласында өткен салтанатты рәсім кезінде оның бұл қызметке ресми түрде кіріскенін хабарлады.

Эми Бауэрншмидт 49 жаста. Ол Милуоки қаласының тумасы (Висконсин штаты). Task&Purpose онлайн басылымының мәліметінше, әйелдерге әскери кемелердің бортында қызмет етуге рұқсат беріле сала, Бауэрншмидт 1994 жылы әскери-теңіз академиясын бітірген алғашқы түлектердің қатарында болды. Одан кейін ол әскери-теңіз авиациясының ұшқышы ретінде қызмет атқарып, әуеде жалпы 3000 сағаттан астам уақыт өткізген.

2016 жылы Бауэрншмидт Abraham Lincoln авиатасымалдағышы командирінің аға көмекшісі ретінде тағайындалып, тарихта бұл қызметтегі алғашқы әйел болды. 2019 жылдың қарашасынан 2020 жылдың қазан айына дейін ол San Diego кемесін басқарды.

Ұзындығы 300 метрден асатын Abraham Lincoln атом авиатасымалдағышы АҚШ әуе-теңіз күштері қызметіне 1989 жылы берілген. Бұл кеме бір уақытта 85 ұшақ тасымалдай алады.


Соңғы жаңалықтар