АҚШ-та шот ашқан қазақстандықтар туралы ақпарат алу мүмкін болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған келісімге 2017 жылғы 11 қыркүйекте елордада қол қойылды.

«Құжатқа сәйкес АҚШ қаржы ұйымдарымен халықаралық іскерлік операциялар жүргізетін барлық шетелдік қаржы ұйымдары АҚШ салық төлеушілерінің шоттары туралы ақпарат беруге міндетті. Заң жобасы қаржы ұйымдарының, оның ішінде кредиттік ұйымдардың, сақтандыру, брокерлік және басқа да осыған ұқсас компаниялардың қызметтерін қамтиды. Осы режимге қосылмаған жағдайда, егер төлемді алушы АҚШ-та салық салынатын тұлға болса және аударылған қаражат АҚШ-тағы инвестициялармен байланысты табыс болса, халықаралық банк аударымдары сомасының 30% - ы ұсталуы мүмкін. Келісімге қосылған қаржы институттары Қазақстанда шот ашқан барлық американдық жеке және заңды тұлғалар туралы ақпаратты анықтауға әрі ашуға міндетті болады», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Оның айтуынша, осыған ұқсас, Қазақстанның Келісімге қосылуы АҚШ-та шот ашқан барлық қазақстандық жеке және заңды тұлғалар туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Яғни, аталған мәселе бойынша елдер арасындағы өзара іс-қимыл Қазақстанның бюджетіне де оң әсерін тигізеді.

Келісімге сәйкес, Қазақстан орталықтандырылған ақпарат жинауды көздейтін модельді неғұрлым оңтайлы қадам ретінде таңдады, өйткені осы модельді іске асыру:

- қаржы жүйесін бақылауды сақтауға;

- АҚШ-тан Қазақстанның резиденттері және азаматтары туралы тиісті ақпарат алуға;

- Қазақстан қаржы институттарының әкімшілік шығындарын қысқартуға;

- Келісімнің талаптарымен байланысты қаржы секторы үшін тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.

«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Келісім ратификациялауға жатады.


Соңғы жаңалықтар