АҚШ-та шетелдіктер асырап алған қазақ балалары туралы деректі фильм түсірілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан азаматы Қанат Бейсекеев АҚШ-та шетелдіктер асырап алған қазақ балалары туралы деректі фильм түсірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Картина ағылшын тілінде, орыс субтитрларымен жарыққа шықпақ.

"АҚШ-та қазақ қызын кезіктіріп қалғанымда фильм түсіру туралы ой келді, сол кезде асыранды балалар туралы алғашқы репортаж жасадым. Бірақ бұл тақырыпта фильм түсіруге тәжірибем аздық ететіндігін ұқтым, ағылшын тілін де жетік меңгермеген едім. АҚШ-тағы қазақстандықтар туралы деректі фильмдер түсіріп жүріп, америкалықтар асырап алған қазақ балалары туралы жақсы дүние түсірсем екен деген ой келе бастады", - дейді ол.

Оның сөзінше, аталмыш жобаға 5 мың АҚШ доллары қажет болды. Краудфандинг компаниясы арқылы xалық оған бұл қаражатты 5 күнде жинап берген.

"Менің шығармашылығыммен таныс аудиториям, көрермендерім мені қолдады. Алғашқы төлемді Әлішер Елікбаев жасады, осылайша, әлеуметтік желінің өзге де қолданушыларына қаражат жіберулеріне ұйытқы болды. Аударымдар 5-500 доллар аралығында жасалды. Желтоқсанда фильмді аяқтауды жоспарлаған едім, бірақ монтаждау кезінде туынды толық аяқталмағанын түсіндім. Маған АҚШ-қа қайта ұшуыма тура келді. Бұл жолы жол шығынын Алматыдағы АҚШ консулдығы өтеп берді", - дейді ол.

40 минуттық картинаға барлық балалардың оқиғалары енген жоқ."Фильм Американың 7 штатында түсірілді. Оған 7 мен 21 жас аралығындағы 8 кейіпкер кірді. Қазақстаннан асырап алынған балалардың Америкадағы өмірін әңгімелеймін. «Америкалық мәдениетке қалай бейімделді, Қазақстан естерінде қалды ма, өз Отандарын қалай елестетеді және Қазақстандағы өмірі туралы не біледі?» деген сұрақтар төңірегінде сұxбаттар өрбіді. Олардың барлығы асыранды екендіктерін біледі, тым ерте жастан Америкаға кеткенмен, өз Отандары туралы аздаған естеліктері де бар", - деп атап өтеді режиссер.

Фильм ақпан айының соңында шығады. Бейсекеев фильмді бір жыл бойы, ара-тұра үзіліс жасап түсіріп отырған. Себебі монтажбен негізгі жұмысынан тыс уақыттары айналысты.

Қанат Бейсекеевтің сөзіне қарағанда, жоба коммерциялық емес және жас режиссерлерді шабыттандыруға, аз ақшаға жақсы дүние түсіруге болатынын түсіндіруге арналған.

"Фильмді жалғыз түсірдім. Өзім режиссер, оператор, мантаждаушы, редактор, журналис, продюсер болдым. Әрине, маған постпродакшн кезінде жігіттер қолдау жасады", - дейді жас режиссер.

"Фильм мейірімділік, маxаббат туралы, екі түрлі мәдениет қалай жанаса алатындығы туралы, себебі, біз бәріміз адамбыз", - дейді Қанат Бейсекеев.

Мұнда америкалық отбасылар Қазақстанда бала асырап алуға жарияланған мораторий туралы, мемлекет мұндай шешімге не үшін келгендіктері жөнінде ой қозғайды.

"Мен бұл фильмді кинотеатрларда "айналдыруды" немесе кинофестивальге жіберуді жоспарлап отырғаным жоқ. Картина қазақстандықтарға қолжетімді болғанын қалаймын. Оған адамдар өз қаражаттарын берді ғой. Ең бастысы, адамдар өз ақшаларының неге жұмсалғанын білуі керек", - дейді режиссер.

 

Соңғы жаңалықтар