АҚШ-та күн сайын коронавирустан шамамен 400 адам көз жұмады

None
None
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – Эпидемияның бәсеңдегеніне қарамастан, АҚШ-та күн сайын орташа есеппен 400-ге жуық америкалық коронавирустан көз жұмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ABC News-ке сілтеме жасап.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының мәліметтері бойынша вирусты жұқтырудың жаңа жағдайларының саны азайып келеді. Қазіргі уақытта күн сайын 107 мың жаңа жағдай тіркелуде. Соңғы аптада бұл көрсеткіш 12%-ға төмендеді.

АҚШ Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта бүкіл елдегі ауруханаларда емделіп жатқан америкалықтардың саны жоспарлы деңгейге жетіп, шамамен 43 мың науқасты құрайды. Өткен қыста вирус жұқтырған 160 мыңнан астам науқас ауруханаға жатқызылған еді.

Кейбір оң өзгерістерге қарамастан, коронавирустан болған өлім көрсеткіші жоғары деңгейде.

Күн сайын 400-ге жуық америкалық коронавирустан қайтыс болады, бұл сан көктемнен бері айтарлықтай төмендеген жоқ. Соңғы жеті күннің өзінде АҚШ-та COVID-19-дан болған 2700-ге жуық өлім жағдайы тіркелген. 2022 жылдың басынан бастап вирустың салдарынан 205 мыңға жуық америкалық қайтыс болды.

Денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар тағы да америкалықтарды екпе алуға өтуге шақыруда, олардың 70 миллионнан астамы вакцина алмаған.


Фото: abcnews.go.com


Соңғы жаңалықтар