АҚШ-та құлпынайдан А гепатиті тарады

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – АҚШ пен Канадада вирус жұқтырған органикалық құлпынайдың кесірінен А гепатитінің өршу фактісі тіркелді. Жемістің бұл түрі аталған елдерде 5 наурыз бен 25 сәуір аралығында сатылғаны белгілі болды.

Бұл туралы ҚазАқпараттың меншікті тілшісі «Al Jazeera» телекомпаниясына сілтеме жасап хабарлайды.

АҚШ-тың азық-түлік пен дәрі-дәрмекті бақылау басқармасы вирус жұқтырған жемістердің «FreshKampo» сауда маркасымен бүкіл ел аумағында сатылғанын айтып отыр. Салдарынан «А» гепатитін жұқтырудың 17 фактісі тіркеліп, 12 адам ауруханаға түскен. Ал Канадада 10 жағдай тіркеліп отыр. Оның төртеуі Альбертеде, алтауы Саскачеванда тіркелген.

АҚШ-та тіркелген жағдайлардың кемінде 15-і Калифорния штатына тиесілі. Тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмектің сапасын санитарлық қадағалу басқармасының мәліметі бойынша, вирус жұқтырған құлпынай Trader Joe's пен Walmart сияқты кемінде 9 сауда желісі арқылы сатылған.

Канаданың Қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі (PHAC) бұл жемістердің 5-9 наурыз аралығында сатылғанын мәлімдеп отыр. Қазір сатылымда жоқ.

«Құлпынайды жастай сатып алып, тоңазытып сақтап, кейін тұтынуға болмайды. Жас күйінде желінбеген құлпынайды салқын жерде сақтағанның өзінде жемей, тастау керек»», - дейді санитарлық бақылау басқармасының мамандары.

А гепатиті – бауырды қабындыратын жұқпалы ауру. Бұл ауру санитарлық жағдай нашар болған жерде немесе гигиеналық тазалық сақталмаған жағдайда туындайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша, 2016 жылы гепатиттің бұл түрінен 7 134 адам көз жұмған. Гепатиттің өзге түрлерінен бір айырмашылығы – созылмалы ауруларға себепкер болмайды.

Бұған дейін жазғанымыздай, әлемнің 33 елінде балаларға жедел жұғатын белгісіз гепатит анықталып отыр.



Соңғы жаңалықтар