АҚШ-та қазақстандық фильм 3 номинация бойынша үздік атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Лос-Анджелесте өткен «Genrecelebration 2018» жанрлық кино халықаралық фестивалінде қазақстандық режиссер Нұртас Адамбайдың «Лифт» фильмі үш бірдей номинация бойынша үздік атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің «Лифт» фильміміз Лос-Анджелесте (АҚШ) жыл сайын өтетін «Genrecelebration 2018» жанрлық кино фестивалінде 3 бірдей «Үздік драмалық фильм», «Үздік режиссура» және «Үздік операторлық жұмыс» номинациялары бойынша сыйлық иегері атанды. Сондай-ақ, «Үздік монтаж» номинациясы бойынша да сыйлық алуымызға болады. Бұл фестивальде осыдан 2 жыл бұрын «Тараз» фильмі жеңіске жеткен болатын», - деді «Лифт» фильмінің режиссері Нұртас Адамбай Фейсбук парақшасында.

Сонымен қатар, ол фестиваль ұйымдастырушыларының аталған фильмді Amazon арқылы тарату мен сату бойынша көмек ұсынғанын айтты. 

Айта кетейік, Нұртас Адамбайдың «Лифт» фильмі отандық прокатқа үстіміздегі жылдың 11 қазанынан бастап шыққан болатын. Психологиялық триллер жанрына жататын фильм сюжетіне келсек, кездейсоқ 2 ер адам біреуі кәсіпкер, екіншісі күзетші лифт ішінде қамалып қалады да оқиға желісі соның ішінде орын алады. Туындыда бүгінгі қоғамның әлеуметтік аспектілері көрсетілген. Басты рөлдерді Жандос Айбасов пен Исбек Әбілмәжінов сомдайды.

Белгілі режиссер Нұртас Адамбайдың аталған фильмнен бөлек, «Келинка Сабина», «Побег из аула» (Ауылдан қашу) секілді көпке танымал туындылары бар. 

Соңғы жаңалықтар