АҚШ-та Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою реформалары талқыланды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова Вашингтонға ресми сапар жасады, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Сапар барысында АҚШ Мемлекеттік департаментінің, USAID-тың, Дүниежүзілік банктің және Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) жоғары өкілдерімен кездесулер өтті.

Кездесулерде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін талқылау маңызды тақырып болып, жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың ауқымы көрсетілді. Әйелдердің құқықтарын нығайту жөніндегі ынтымақтастықты талқылау шеңберінде америкалық серіктестердің назарына Қазақстанның соңғы жылдардағы жетістіктерінің негізгі аспектілері ұсынылды. Негізгі жетістіктерге әйелдер мен жастар үшін саяси партиялардың сайлауға ұсынатын кандидаттар тізімінде 30% квотаны енгізу және оны парламенттік мандаттарды бөлу үшін қолдану, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1325 қарарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын қабылдау, әйелдерге тыйым салынған кәсіптердің тізімін жою жатады және т. б.

Әйелдер кәсіпкерлігі Қазақстанда жұмыс орындарын құруда және экономикалық өсуді ынталандыруда маңызды рөл атқарады. Елімізде шағын және орта бизнес кәсіпорындары 3,5 миллионға жуық жұмыс орнын және жалпы ішкі өнімнің 33% қамтамасыз етеді, олардың 50% әйелдер басқарады. Сондықтан тараптар әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша нақты бастамалар бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Сондай жобалардың бірі – Қазақстанда құрылған кәсіпкер әйелдерді қолдаудың ресурстық орталықтары.

Іскер әйелдерге арналған білім беру бағдарламалары саласындағы ынтымақтастық бойынша америкалық тараппен диалог нәтижелі және мазмұнды болды. Тараптар Америкалық кәсіпкер әйелдер академиясының AWE жұмысын кеңейту және оны жүзеге асыру үшін АХҚО-ны іске асырушы серіктес (Іске асырушы тарап) ретінде таңдау бойынша Қазақстанның бастамасын АҚШ-тың қолдауы маңызды қадам болып табылады деп келісті.

Сонымен бірге, кездесулер барысында Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілікке қол жеткізудегі реформалар тақырыбы талқыланды. Осыған орай, америкалық тараптың қызығушылығын елімізде отбасы орталықтарын құру жобасы тудырды, оның аясында тараптар АҚШ-тан техникалық көмек көрсету мүмкіндіктерін зерделеуге келісті.

Жаһандық әйелдер істері жөніндегі Мемлекеттік хатшы кеңсесінің аға аймақтық директоры Бет Смит Қазақстанның жетістіктерін оң бағалап, АҚШ-тың әйелдер құқықтарын нығайту саласында екіжақты стратегиялық диалог құру ниетін қуаттады.

Гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтарын кеңейту жөніндегі USAID Әкімшілігі кеңсесінің аға үйлестірушісі Джэмиль Биджио елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын айтып, Қазақстан Президентінің жаңа саяси бағытын оң бағалады. Сонымен бірге ол USAID-тың нақты бірлескен жобалар арқылы әйелдер мен қыздардың құқықтарын нығайту саласындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға және тереңдетуге дайын екенін мәлімдеді.

Гендерлік және экономикалық инклюзия бойынша ХҚК тобының басшысы Генриетта Колб Қазақстан Үкіметінің әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтудегі жетістіктері туралы оң пікірін білдірді. Сонымен бірге ол ХҚК-ның осы тақырып бойынша одан әрі диалогқа дайындығын жариялай отырып, кәсіпкер әйелдерді қолдау үшін қаржылық өнімдерді кеңейту бойынша жеке ұсыныстар берді.

Дүниежүзілік банктің гендерлік мәселелер жөніндегі жаһандық директоры Хана Брикси Қазақстанның әйелдерге кең экономикалық құқықтары мен бостандықтарын беру, білімге, технологияға қолжетімділікті қамтамасыз ету, қаржылық сауаттылықты дамыту бойынша жоғары нәтижелерін атап өтті және гендерлік статистиканың дамуына оң баға берді. Брикси ханым осы параметрлердің барлығы бойынша Қазақстан көптеген басқа елдерге үлгі болып табылатынын атап өтті. Кездесуге қатысқан Дүниежүзілік банктің сарапшылар тобы Қазақстандағы әйелдердің құқықтарын кеңейту саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша бірқатар ұсыныстар берді.

Жалпы алғанда, Л. Рамазанованың АҚШ-қа сапары екі ел арасында гендерлік теңдікті ілгерілетудегі ынтымақтастықты нығайтуға жақсы мүмкіндік берді.


Соңғы жаңалықтар