АҚШ-та қарулы топ электр стансаларына шабуыл жасады

None
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – Солтүстік Каролина штатында қарулы топ екі электр стансасына шабуыл жасап, салдарынан ондаған мың адам жарықсыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

BBC News мәліметінше, Мур округінде жұма күнге дейін төтенше жағдай режимі жарияланып, түнде көшеге шығуға тыйым салынды.

Солтүстік Каролина губернаторы Рой Купер шабуылдардың мұндай түрлері қауіптің жаңа деңгейін көрсетіп отырғанын және маңызды инфрақұрылымды қорғау «басты басымдыққа» айналатынын айтты.
Полиция ақпаратына сәйкес, белгісіз біреулер бір-бірінен 8 шақырымдай қашықтықта орналасқан екі қосалқы стансыға оқ жаудырған. Шабуылдар жоспарлы және мақсатты болған және оны жасаушылардың ниеті әзірге белгісіз.

Оқиға салдарынан Мур округінде 35 мыңға жуық адам жарықсыз қалды. Биліктің айтуынша, электр қуатын қалпына келтіру бейсенбіге дейін созылуы мүмкін, себебі екі станса да айтарлықтай зақымданған.

Жергілікті аурухана, дүкен, су және кәріз қызметтері резервтік генераторлардан қуат алып жұмыс істеуде. Округтегі мектептер жабылды. Дүйсенбі күні таңертең ауа температурасы 0 градусқа жетіп, округ мұқтаж жандарды спорт кешеніне көшірді.

Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби тергеу барысы жіті бақылауға алынғанын айтты.


Фото: Reuters


Соңғы жаңалықтар