АҚШ-та болуы ықтимал дефолттың салдары қандай – америкалық сарапшылардың болжамы

None
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – АҚШ-та болуы ықтимал дефолт соңғы үш жылда әлемдік экономикаға жасалған ең ірі үшінші соққы болуы мүмкін. Осы орайда, ҚазАқпарат тілшісі дефолттан болатын салдар мен АҚШ билігі тарапынан оның алдын алуға бағытталған шараларды бағамдап көрді.

Сарапшылар қауымының арасында АҚШ үкіметінің төлемдерді өтей алмай қалу қаупі «COVID» пандемиясы мен Украинадағы шиеленісті жағдайдан кейін ең қызу талқылауға түскен тақырыпқа айналды.

Сонымен, 30 мамырда АҚШ президенті Джо Байден және Өкілдер палатасының спикері Кевин Маккартимен келісілген қарыз шегін көтеру туралы ірі заң жобасы республикашылар басқаратын Ережелер комитетінің қолдауына ие болды. Енді ол 5 маусымға дейін демократтар басым дауысқа ие Сенаттың мақұлдауын алуы тиіс. Бұл мерзімді дефолттың алдын алу үшін АҚШ-тың Қаржы министрлігі белгілеп берген.

Жалпы, заң жобасы уақтылы қабылданады және ол теріс экономикалық салдарға әкелмейді деген пікірлер бар.

Атап айтқанда, Өкілдер палатасының мүшесі, Main Street оңшыл орталық тобының төрағасы Дусти Джонсон әріптестерінің пікірлеріне сүйене отырып, бұл заң жобасын «сөзссіз өтеді» деп мәлім етті.

Жағдайға жасалған оптимистік сценарий бойынша дефолттың алдын алу мүмкіндігі бар және ол АҚШ-тың мүдделеріне сай келеді.

Дегенмен бұл төңіректегі мәселе АҚШ тарапы ойлағандай болмай, керісінше күрделене түссе не болмақ?! Мәселен, «Moody's analytics» экономистері заң шығарушылар уақтылы әрекет жасамаса, онда экономикалық құлдырау қандай деңгейде болатынына талдау жасап көрді.

Бұл ретте АҚШ экономикасына түсетін жүк ауыр болады. Яғни, Федералды үкімет ел экономикасының барлық салаларына әсер ететін мемлекеттік шығындарды азайту арқылы шамамен 150 млрд доллар қолма-қол ақша тапшылығын жоюға тырысады.

Бұл теріс салдардан басқа, бизнес пен инвесторлардың АҚШ-тың бағалы қағаздарын сатып алуға деген сеніміне селкеу түсіреді.

Бұдан болатын экономикалық құлдырау 2008-2013 жылдардағы жаһандық қаржы дағдарысы кезіндегі жағдаймен пара-пар болмақ. Бұл - АҚШ-тың нақты жалпы ішкі өнімі 2024 жылы 4,6%-ға төмендеуі мүмкін дегенді білдіреді. 7,8 млн-нан астам халық жұмысынан айырылып, жұмыссыздық деңгейі 3,4%-дан 8%-ға дейін өсуі ытимал. Ал акциялар құнының төмендеуі олардың иелерін 10 трлн доллар шығынға батырады.

Кіріс төмендейді, ипотека және басқа тұтынушылық-корпоративтік несиелер бойынша мөлшерлемелер күрт артады.

Сарапшылардың пікірінше, АҚШ-та болуы мүмкін дефолт әлемдік қаржы нарықтарына да зиянын тигізу қауіпі бар.

АҚШ-тың қазынашылық бағалы қағаздарының несиелік қабілеті ұзақ уақыт бойы долларға деген сұранысты арттырып, олардың құны мен әлемдік резервтік валюта мәртебесіне ықпал етті. Аталған елдің экономикасына жасалған кез келген соққы инвесторларды Американың қазынашылық облигацияларын сатуға мәжбүр етіп, долларды әлсіретеді.

Болжам бойынша дағдарыс жағдайында АҚШ долларының бағамы ауытқуы мүмкін.

«Moody's Analytics» орталығының бас экономисі Марк Зандидің айтуынша, америкалық доллар бастапқы кезеңде жаһандық инвесторлардың қандай да бір шешім қабылдай алмауы мен үрейіне байланысты өседі. Бірақ кейін түсіп, сол төмен деңгейде қалады.

Солтүстік-Шығыс Университетінің Экономика кафедрасының доценті Нэнси Кимелманның болжамынша, дефолттың салдары әлемдік қаржы нарықтарына да әсер етеді. Бұл өз кезегінде барлық активтердің тәуекелін күшейтіп, акцияларды арзандатады. Мұнымен қатар, пайыздық мөлшерлемелер өседі.

Сондай-ақ, дефолт 24 трлн долларға бағаланатын қазынашылық бағалы қағаздар нарығын күйретіп, қаржы нарықтарының дамуына іркіліс болып, халықаралық деңгейде дағдарыс тудыруы мүмкін.

Корнелл университетінің сауда саясаты профессоры және Брукингс институтының аға ғылыми қызметкері Эсвар Прасад: «Қарыз дефолты америкалық және әлемдік қаржы нарығы үшін күтпеген ауыр зардаптарға әкелетін оқиға болады», - деді.

Вашингтондағы Петерсон Халықаралық экономика институтының аға ғылыми қызметкері Морис Обстфельд де осындай пікірде. Оның пайымынша, егер АҚШ Қаржы министрлігінің төлем міндеттемесіне қатысты күмән туындаса, онда ол бірқатар әлемдік нарықтарға кесірін тигізуі ықтимал.

Айта кетйік, Америка алдында ірі көлемдегі қарызы бар мемлекеттер үшін доллар бағамының әлсіреуі тиімсіз. Өйткені, қайтарылатын қарыздың мерзімі ұзарады. Бұл тіпті кейібір елдерді қарыз немесе саяси дағдарысқа ұшыратуы мүмкін.

Дегенмен америкалық заң шығарушылар дефолтқа жол бермеу үшін уақытылы шара қабылдайды деген үміт басым.

Бұрын АҚШ-тың саяси көшбасшылары кеш болмай тұрып, мемлекеттік қарыз шегін көтеріп, уақытылы дефолттың алдын ала білді. Конгресс қарыз алу лимитін 1960 жылдан бастап 78 рет қайта қарады. Оның соңғысы 2021 жылы болды.

Дефолтты болдырмау - АҚШ экономикасының барлық мәселесін шешпейді. Тек оны 2025 жылға дейін кейінге шегеруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, экономикалық дағдарыс тәуекелдері әлі де сақталып отыр. АҚШ Қаржы министрі Джанет Йеллен егер заң шығарушылар АҚШ-тың 31,4 трлн долларды құрайтын мемлекеттік қарыз шегін көтермесе, онда үкімет биыл 1 маусымда дефолт болуы мүмкін екенін ескертті.

Ықтимал әлемдік дағдарыс сатып алынған америкалық қазынашылық бағалы қағаздар саласына да, АҚШ алдындағы 12,4 млрд доллар көлеміндегі сыртқы борышы бар Қазақстан экономикасына әсер етуі ықтимал.


Соңғы жаңалықтар