АҚШ-та бензин бағасы арзандап жатыр

2022 жылғы 9 желтоқсан, 11:45
АҚШ-та бензин бағасы арзандап жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – АҚШ-та былтырғымен салыстырғанда биыл бензин бағасы арзандаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі CBS News-ке сілтеме жасап.

Америка автомобиль қауымдастығының мәліметінше, Америкада галлон бензинінің орташа бағасы 3,33 доллар, оның құны бір жыл бұрын 3,34 доллар болған. АҚШ-та орташа баға соңғы аптада 14 центке, соңғы айда 47 центке түскен.

Бензин бағасы маусым айында бір галлон үшін 5 доллардан сәл асып, рекордтық деңгейге жеткен еді. Энергия бағасының төмендеуі АҚШ-тағы тұтынушылық инфляцияның төмендеуіне ықпал етіп, оның индексі қазан айында қаңтардан бастап ең төменгі жылдық мәнге жетті.

Энергетика саласындағы сарапшылар Ресей мұнайын теңіз арқылы жеткізуге еуропалық эмбарго нарықта құбылмалылық тудыруы мүмкін деп алаңдады. Бірақ әзірге мұнай бағасы төмендеуде. Brent маркалы мұнай фьючерстері осы аптада 10%-ға төмендеп, бір жылдағы ең төменгі деңгейге жетті. Алайда, мұнай құнына бірқатар фактор ықпал етуі мүмкін. Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы жексенбіде өндірісті 2023 жылға дейін әлемдік сұраныстың шамамен 2%-на қысқарту туралы шешім қабылдады.

Егер ОПЕК өндіріс көлеміне одан да қатаң шектеулер қоюды шешсе, бұл бағаның қайта өсуіне әкелуі мүмкін.

Ресейде мұнай өндірісінің азаюы күніне миллион баррельден астам жеткізілімнің төмендеуіне әкелуі мүмкін, бұл да бағаның өсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, Қытай тарапынан сұраныс күтілгеннен тезірек қалпына келуі мүмкін, өйткені ел коронавирус шектеулерін алып тастауда.

ҚХР-дағы «нөлдік Covid» саясатына байланысты экономикалық салдарға қатысты алаңдаушылық соңғы айларда мұнай бағасының төмендеуінің негізгі себебі болды.

Фото: Getty Images


Ұқсас жаңалықтар
Теги:
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar