АҚШ полицейі атып тастаған қарағандылықтың туыстары істі қайта қарауды талап етпейтін болды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Портсмутта АҚШ полицейі Стивен Рэнкин атып өлтірген Кирилл Денякиннің туыстары дәл осы сақшының қолынан қаза тапқан екінші құрбанның жанұясына өтемақы төленетіні туралы хабарды естісе де, істі қайта қарауды талап етпейді. Бұл туралы марқұм жігіттің анасы Елена Денякина мәлімдеді.

«Ешқандай шара қолданбаймыз. Мен АҚШ-қа барып қайттым. Менің ұлымды атқан Стивен Рэнкиннің қолынан қаза тапқан Уильям Чэмпеннің отбасымен кездестім. Екінші рет адам өліміне соқтырған әрекеті үшін шығарылған сот шешімін өз құлағыммен тыңдап қайттым. Оны ақыры жазалағанына қуаныштымын, - деді Е. Денякина. - Маған Америка заңнамасы бойынша ұлымның ісі қайта қаралмайтыны анық және ұғынықты етіп айтылды.

The Guardian хабарлауынша, Вирджиния штатында орналасқан Портсмут қаласының билігі қайтыс болған Уильям Чэпменнің отбасына $ 1 млн. төлеуге дайын екенін мәлімдеген.

Екінші адамды өлтіруіне байланысты сот аталған полицейді 2,5 жылға бас бостандығынан айырды.

Еске сала кетейік, 26 жастағы Кирилл Денякин АҚШ-қа Work and Travel бағдарламасы арқылы барып, Портсмуттегі қонақ үйде аспаз болып жұмыс істеген. 2011 жылдың 23 сәуірінде оны ұры екен деп қалған Стивен Рэнкин атып тастаған. Марқұмның денесіне 11 оқ тиген. Сот полицейдің пайдасына шешім шығарып, ол қызметін ары қарай жалғастырған болатын.

Соңғы жаңалықтар