АҚШ пен Орталық Азия: C5+1 форматынан не күтеміз

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 28 ақпанда АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстанға келеді. Бұл сапар еліміз үшін де, жалпы Орталық Азия мемлекеттері үшін де маңызды болмақ. Мемлекеттік хатшы Орта Азия елдерінің өкілдерімен кездесуімен қатар, мемлекеттер арасындағы стратегиялық серіктестікті арттыру мақсатында 2015 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «C5+1» форматына қатыспақ.Бүгінде «C5+1» Орталық Азияның бес мемлекетінің, атап айтсақ Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және АҚШ-тың өкілдері бас қосып, өңірдегі өзекті мәселелерді талқылайтын, сондай-ақ елдер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты нығайтатын маңызды аланға айналды.Осыған орай, «C5+1» кездесуі қарсаңында Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыс, «C5+1» диалогі, оның мақсат-міндеттері, ондағы талқыланатын мәселелер жөнінде материал дайындауды жөн көріп отырмыз. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының Қазақстанға алғашқы сапары

28 ақпанда АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Орталық Азия елдеріне келмек. Алғашқы аялдамасы – Қазақстан. Ол еліміздің бас қаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен екіжақты келіссөздер өткізеді деп жоспарланып отыр.

Фото: reuters.com

Сонымен бірге, Энтони Блинкен сапар барысында жоғары лауазымды тұлғалармен кездесулерден бөлек, Орталық Азиядағы бес республикасының өкілдерімен «С5+1» форматындағы министрлер кездесуіне қатысады.

Жалпы, «С5+1» форумы АҚШ, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасындағы экономикалық, энергетика, қоршаған орта және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударады.

Айта кетейік, бүгін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен әуежайдан түсірілген суретін твиттерде жариялады. «Бұл - менің Қазақстан мен Өзбекстанға мемлекеттік хатшы ретіндегі алғашқы сапарым. Мен Орталық Азиямен ынтымақтастық қарым-қатынасымыздың арықарай дамуын тағатсыздана күтемін. Сол жақтан Үндістанға G20 кездесуіне барамын», - деп жазды ол парақшасына.

Фото: twitter.com/SecBlinken

Қазақстан-АҚШ серіктестікке 30 жыл

Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнатылғанына 30 жылдан асты. Бүгінде қос ел экономика, сауда, мәдениет, экология сынды көптеген сала бойынша байланыс орнатқан. Мысалы, Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара сауда көлемі 2022 жылы 37,2%-ға өсіп, 3,05 млрд долларға жетті.

Жалпы, тәуелсіздік жылдарында АҚШ-тан Қазақстан Республикасына бағытталған тікелей инвестиция 62 млрд доллардан асқан. (Нидерландыдан кейінгі 2-орында). 2022 жылдың 9 айында АҚШ-тан Қазақстан Республикасына түскен тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) көлемі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (3,1 млрд доллар) 58,8%-ға өсіп, 5 млрд доллардан асты.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Бүгінде Қазақстан Республикасында америкалық капиталдың қатысуымен 590-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл ретте АҚШ компаниялары Қазақстан нарығына қызығушылық танытып отырғанын да айта кету керек.

Фото: t.me/aqorda_resmi

«С5+1» форматының мақсаты не?

АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы диалогтің жаңа форматын енгізу туралы шешім 2015 жылдың 26 қыркүйегінде Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясы шеңберінде қабылданды. Осылайша, АҚШ пен Орталық Азия мемлекеттерінің қарым-қатынасын жақсартуға және өңіраралық ынтымақтастықты нығайтатын жобаларды жүзеге асыруға бағытталған жаңа көпжақты диалог алаңы – «С5+1» форматы құрылды.

«С5+1» форматындағы кездесу алғаш рет 2015 жылы Барак Обаманың президенттігі тұсында Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткізілді. Оған сол кездегі АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джим Керри қатысқан еді.

Фото: twitter.com/StateDept

Кейіннен Самарқанд декларациясында көрсетілгендей, өңірдегі ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында «С5+1» бастамасына қатысушы елдер өңірлік экономика және сауда, қоршаған ортаны қорғау және жаңартылатын энергия көздері, сондай-ақ аймақтағы қауіпсіздік қатерлері бойынша жұмыс тобын құрды. Экономика және өңірлік байланыстар бойынша «С5+1» жұмыс тобының бірінші отырысы 2016 жылғы 4 сәуірде Қырғызстанның Бішкек қаласында өтті. Онда Орталық Азияның бес елі мен АҚШ-тың өкілдері Қырғызстан астанасында Орталық Азия мен бүкіл әлем арасындағы сауда-саттықты арттыру шараларын талқылады.

Жалпы, жұмыс тобында көтерілген мәселелер мен зерттеулер негізіндегі ұсыныстар «С5+1» форматындағы кездесуде ұсынылады. Алғаш рет жұмыс тобының ұсыныстары 2016 жылы АҚШ-та өткен екінші «С5+1» министрлер кездесуінде қарауға ұсынылды. АҚШ-та өткен екінші отырыс нәтижесінде бірқатар келісімге қол қойылған. Атап айтсақ, «Орталық Азиядағы бизнестің бәсекеге қабілеттілігі», «Көлік дәлізін дамыту», «Болашақтың энергиясы», «Ұлттық және аймақтық бейімделуді жоспарлауды қолдау» және қауіпсіздік саласындағы бес жобаны іске қосу туралы келісімге қол жеткізілген.

Ал, 2017 жылы форматқа қатысушылар Ауғанстан мемлекетіндегі тұрақтылықты қолдау мақсатында елдегі экономикалық ынтымақтастықты нығайту шараларын басты бағыт ретінде қарастырды.

2018 жылы «С5+1» кездесуі тағы да АҚШ-та өтті. Онда АҚШ пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыру шаралары талқыланды. 2020 жылы аталған жиын Қазақстанда өтіп, тараптар Орталық Азиядағы интеграциялық үдерістерді және қауіп-қатерлерге бірлесіп әрекет ету мәселелерін талқыға салды.

2021 жылдың 22 қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясы шеңберінде бес елдің министрлерінің қатысуымен «С5+1» форматының кездесуі Нью-Йоркте өтті. Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Ауғанстандағы дағдарысты жағдайды шешу, өңір мемлекеттерінің COVID-19-ға қарсы іс-қимыл шаралары, экономикалық ынтымақтсатықты нығайту бойынша мүмкіндіктер қаралып, климаттық дағдарысқа қарсы күрес, сонымен бірге Ауғанстан мемлекетіндегі тұрақтылық мәселелері сөз болды.

Фото: news.un.org

Өткен жылы да БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясы аясында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен және Орталық Азия елдері сыртқы істер ведомстволары басшыларының қатысуымен «С5+1» форматындағы кездесу АҚШ-та ұйымдастырылды. Тараптар өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сондай-ақ аймақ елдері арасындағы және де АҚШ-пен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту бойынша мәселелерді талқылады. Жиынға қатысқан ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде өңірдің тұрақты дамуы мен тұрақтылығын арттыру үшін өңірішілік диалогті нығайтудың маңыздылығына тоқталған еді.

«Қазақстан өңірлік қауіпсіздік мәселелерін бірлесіп шешуге, климаттың өзгеруінің теріс әсеріне қарсы тұруға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге және адами капиталды дамытуға бар күш-жігерін салады», - деп атап өткен еді министр.

Аталған іс-шара соңында ҚР СІМ басшысы министрлердің келесі кездесуін Қазақстанда өткізуді ұсынды. Міне, биылғы министрлердің кездесуі 28 ақпанда еліміздің бас қаласы Астанада өтпек.

«Қазақстан – Орта Азиядағы сенімді серіктес»

Қазіргі таңда «С5+1» форматы Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тетігі болып отыр. АҚШ-тың аймақтық жобаларға қатысуы бүкіл Орталық Азия аймағының даму ерекшеліктерін ескере отырып, инвестициялар мен технологияларды тартуға, сондай-ақ америкалық капиталды халықаралық қаржы институттарында пайдалануға мүмкіндік береді.

Жалпы, 2022 жылдың 12 қазанындағы АҚШ Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында Вашингтон Орталық Азияның тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын қолдауды жалғастыратыны айтылған.

2022 жылдың сәуірінде Астанада адам құқықтары мен демократия жөніндегі диалог өткен еді, оның нәтижесі бойынша қазақстандық реформаларды жүзеге асыруда АҚШ-тың техникалық көмегін көрсету туралы келісімге қол жеткізілді.

Ал, биылғы 24 қаңтарда Адам құқықтары және демократиялық реформалар жөніндегі жоғары деңгейдегі диалогтің екінші отырысы өтті. Екінші отырыстың қорытындысы бойынша, АҚШ Мемлекеттік департаменті заңның үстемдігі, сот төрелігі және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларының басқа да бағыттары саласындағы реформаларды одан әрі іске асыруға жәрдемдесуді жалғастыруға дайын екендігін білдірді.

Фото: gov.kz

Жалпы, соңғы бес жылда «С5+1» экономика, энергетика, сауда, медицина және қауіпсіздік салаларындағы байланыстарды кеңейтуде бірқатар жетістікке жетті.

Сарапшылардың пікірінше, жалпы алғанда америкалық тарап Қазақстанды Орталық Азиядағы сенімді стратегиялық серіктес ретінде қарастырады және өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті.

Фото: gov.kz

Биылғы «C5+1» кездесуінде қандай мәселелер талқыланбақ?

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің биылғы сапары Қазақстанның жүргізіп жатқан сыртқы саясатына серпін береді деген болжам бар.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, кездесуде халықаралық сауданы, оның ішінде цифрлық сауданы кеңейту, көлік бағыттарын дамыту, жұмыс орындарын құру, суды тиімді пайдалану саласындағы жаңа технологиялар мен ынтымақтастық мәселелері, климаттың өзгеруі, сондай-ақ аймақ елдеріндегі энергия тиімділігін арттыру талқыланады деп жоспарланған.

Фото: Inbusiness.kz

Қазіргідей геосаяси жағдай кезінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері өзекті бола түсті. Сондықтан да, аталған кездесуде азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері де талқыланады деп жоспарланған. Сондай-ақ, терроризммен, экстремизммен, есірткі бизнесімен және адам саудасымен күрес мәселелері күн тәртібінен түспейді. Сонымен қатар, адам құқықтарын қорғау, атап айтқанда әйелдер мен қыздардың құқықтарын кеңейту мәселелері де сөз болмақ.

Жалпы қорыта келе, АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен, оның ішінде Қазақстанмен түрлі салада дипломатиялық байланыс орнатып, оны арықарай дамытуға ниетті екенін байқап отырмыз. Бүгінде АҚШ – Қазақстан экономикасына инвестиция салып отырған ТОП-3 елдің бірі. Сондықтан да, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қазақстанға сапары екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайтады деп сенеміз.


Соңғы жаңалықтар