АҚШ пен Еуропадағы банк дағдарысы біздің ұлттық қор мен БЖЗҚ активтерін кеміткен

None
Фото: AP Photo/Mary Altaffer
АСТАНА. ҚазАқпарат – АҚШ пен Еуропадағы банк дағдарысы ұлттық қор мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін кеміткен. Бұл туралы ҚазАқпарат Inbusiness.kz ресурсына сілтеме жасап хабарлайды.

Автордың айтуынша, Қазақстанның бұл тұрғыдағы шығыны Швеция, Норвегия, Сауд Арабиясы мен Қатар мемлекеттерінің дербес және зейнетақы қорларына келген шығынмен салыстырғанда әлдеқайда елеусіз.

Ұлттық банктің Inbusiness.kz сауалына жолдаған жауабына сүйенсек, наурыз айында банкротқа ұшыраған америкалық Silicon Valley Bank (SVB) пен Signature Bank-тің құнды қағаздары Қазақстанның ұлттық қоры мен БЖЗҚ актвитерін сырттан басқаратын компаниялардың портфельдерінде де болған.

«Аталған банк акциялары ұлттық қор мен БЖЗҚ-ның валюта портфельдеріне индекстік басқару аясында сатып алынған болатын. Басқарудың мұндай түрі эталонды индекске жататын құнды қағаздарды сатып алуға негізделген. Бұл жолы дамыған елдердегі компаниялардың акцияларын біріктіретін MSCI World индексі жайында сөз болып отыр. MSCI World индексіндегі SVB мен Signature Bank-тің акциялар үлесі 2023 жылдың 13 наурызында 0,012% және 0,009% болған. Бұл акциялардың ұлттық қордағы үлесі аталған күні эталондық индекстегі үлестен төмен болды – 0,0016% (SVB) және 0,0009% (Signature). SVB мен Signature Bank-тің банкроттығынан табыстылыққа келетін жағымсыз әсер ұлттық қордың сырттан басқарушы портфельдеріндегі валюта активтерінің 0,008%-ына тең болды. Осылайша ұлттық қорды инвестициялық басқарудан түсетін табысқа бұл айтарлықтай әсер еткен жоқ», - делінген Ұлттық банк жауабында.

БЖЗҚ активтерінің жағдайы да осыған ұқсас.

SVB мен Signature Bank-тің банкроттығынан табыстылыққа тигізетін жағымсыз әсер БЖЗҚ автиктерінің 0,002%-ына тең болған.

Ұлттық банк сарапшыларының пайымынша, бұл да БЖЗҚ аквтитерін инвестициялық басқарудың табыстылығына соншалық әсер етпеген.

Швейцариялық Credit Suisse құнды қағазындағы ұлттық қор мен БЖЗҚ валюта портфельдері туралы да осыны айтуға болады.

«Наурыз айының соңында ұлттық қордың валюта портфельдеріндегі Credit Suisse-нің акциялар үлесі 0,0003%, облигациялар үлесі 0,066% ғана болды. Credit Suisse активтерін кері бағалаудан табыстылыққа келетін жағымсыз әсер І тоқсанның аяғында сырттан басқарушылардың портфеліндегі ұлттық қордың акциялар үлесінің 0,0036%-ына, облигациялар үлесінің 0,0041%-ына тең болды. БЖЗҚ валюта портфельдеріндегі Credit Suisse-нің акциялар үлесі - 0,00013%, облигациялар үлесі - 0,028% ғана болды. Credit Suisse активтерін кері бағалаудан табыстылыққа келетін жағымсыз әсер І тоқсанның аяғында сырттан басқарушылардың портфеліндегі БЖЗҚ акциялар үлесінің 0,0011%-ына, облигациялар үлесінің 0,0048%-ына тең болды. Қазіргі таңда Credit Suisse облигацияларының бағасы тұрақтанған», - делінген Ұлттық банк түсіндірмесінде.

Алдын ала мәлімет бойынша, ұлттық қордың активтері наурыздың соңында 58,4 млрд доллар болса, БЖЗҚ активтері 15,4 трлн теңге болған.


Соңғы жаңалықтар