АҚШ Орталық Азия бойынша жаңа стратегия ұсынуы мүмкін – саясаттанушы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық саясаттанушы Қазбек Майгелдинов АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Нұр Сұлтанға сапарында қандай мәселелер талқыланатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Желтоқсанның ортасында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ-қа ресми сапармен барғанда АҚШ Мемлекеттік хатшысының Қазақстанға сапарлайтынын мәлімдеді. Ресми сапар барысында екіжақты ынтымақтастық мәселелері қаралды және АҚШ мемлекеттік хатшысының Қазақстанға, Орталық Азия елдеріне баруы туралы келісімге қол жеткізілді», - деп түсіндірді саясаттанушы.

Оның айтуынша, Орталық Азия мәселелері бойынша АҚШ стратегиясының форматы бірқатар өзгеріске ұшырады.

«Қазіргі уақытта АҚШ-та Орталық Азия бойынша ашық және нақты стратегия жоқ. Барак Обаманың кезінде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри бастаған форматтардың бірі - C5 + 1 (Орталық Азияның бес мемлекеті және АҚШ). 2015 жылы Джон Керридің Орталық Азияның барлық елдеріне алғашқы туры ұйымдастырылып, стратегия өз жұмысын бастады. Алайда, Ақ үйдің басшысы ауысқаннан кейін, яғни Дональд Трамптың келуімен бұл формат біршама әлсіреді», - деп атап өтті Қазбек Майгелдинов.

Спикер АҚШ-тағы өзара ынтымақтастық туралы айтып, 2019 жылдың Қазақстан үшін қарқынды өткенін жеткізді.

«2019 жылдың шілдесінде сол кездегі Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов АҚШ-қа сапарлап барды. Менің байқауымша, біздің министрдің АҚШ-қа сапарынан кейін C5 + 1 форматы қайта жанданды. Биылғы тамыз айында АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Дэвид Хейл Нұр-Сұлтанға келіп, Орталық Азиядағы 5 мемлекеттің сыртқы істер министрліктерінің өкілдерімен кездесті. Сол сәтте C5 + 1 форматын қалпына келтіру әрекеттері жасалды», - деп есептейді саясаттанушы.

Спикердің айтуынша, АҚШ Орталық Азияға қатысты жаңа стратегияны ұсынуы мүмкін және оны 2020 жылы әзірлеу жоспарланып отыр.

«C5 + 1 форматы 2015 жылы басталды және 5 жылдан кейін, яғни 2020 жылы АҚШ Мемлекеттік хатшысының Орталық Азияға кезекті сапары жоспарланған. Бәлкім, жаңа стратегия күтуіміз керек шығар. C5 + 1 өз тиімділігін көрсете алмады, өйткені онда нақты нұсқау мен бағыт-бағдар болған жоқ. Алдағы сапар қарсаңында АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты қандай да бір стратегиясы ұсынылуы мүмкін. Бұл сапардың басты маңыздылығы да осы. Неліктен стратегияға баса назар аударып отырмын? Биылғы маусым айында Еуропалық Одақ Орталық Азия бойынша жаңа стратегия қабылдады. Бұл құжатта Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықтың барлық негізгі бағыттары көрсетілген», - деді ол.

Сонымен бірге, Қазбек Майгелдинов Нұр-Сұлтанда Қазақстан мен АҚШ тараптарының қандай мәселелерді талқылауы мүмкін екендігін айтты.

«Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердідің АҚШ-қа желтоқсандағы сапарының және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйектегі сапарының қорытындылары бойынша, екіжақты форматтың ынтымақтастықтың барлық бағыттарында дамып келе жатқанын атап өтуге болады. Алайда, басты тақырып қауіпсіздік, яғни аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі болып қала береді. Бұл бағытта Қазақстанға басымдық беріледі. Өткен жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде төрағалық етті», - деді Қ. Майгелдинов.

Айта кетейік, 2020 жылғы 5 қаңтарда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеоның Нұр-Сұлтан қаласына сапары жоспарлануда. Сапар аясында оның мемлекет және сыртқы саяси ведомство басшылығымен кездесулері қарастырылған. Олардың барысында екіжақты және өңірлік ықпалдастықтың саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланады деп күтілуде.



Соңғы жаңалықтар