АҚШ мамандары медициналық жоспарлау курстарын өткізуде - Қорғаныс министрлігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бітімгерлік даярлық орталығында Америка Құрама Штаттары Қарулы Күштерінің медицина мамандарының қатысуымен бітімгершілік операцияларды әскери-медициналық қамтамасыз ету курстары ұйымдастырылды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Оқыту алдағы уақытта БҰҰ миссиясына жіберуі жоспарланған Қазақстан Қарулы Күштерінің екінші деңгейдегі әскери-далалық госпиталінің құрамына енгізуге кандидат ретінде іріктелген әскери қызметшілерге арналған.

Медициналық жоспарлаудың базалық деңгейі курсына медициналық қамтамасыз ету негіздері, миссиялардағы медициналық қызмет компоненттерін зерделеу, медициналық қызметтегі байланыс және ақпараттық жүйелер, медициналық барлауды жүргізу, материалдық-техникалық қамтамасыз ету сабақтары енгізілді. Сондай-ақ, медициналық эвакуация және жедел медициналық жоспарлау сабақтары өткізіледі.

Курс бағдарламасына Ұлыбритания елшілігі ұйымдастырған тіл дайындығы да кіреді.

Бітімгершілік бойынша дайындық сабақтары Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының қорғаныс ведомстволары арасындағы өзара іс-қимыл шеңберінде ұйымдастырылды.


Соңғы жаңалықтар