АҚШ конгресі жасанды интеллект технологиясын реттеумен айналысады

Фото: Фото: newprospect.ru
АСТАНА. ҚазАқпарат – ChatGPT бағдарламасын жасаған Сэм Альтман АҚШ конгресін жасанды интеллект технологияларын реттеуге шақырды. Технологияның көп салада пайдасы көп болғанымен билікке бұл саланы заңды түрде реттеу керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.

ChatGPT-ді жасап шыққан Сэм Альтман жасанды интеллект адам игілігіне қызмет етуі керек деп есептейді.

Дегенмен ол АҚШ конгресін жасанды интеллектің дамуы мен пайдаланылуын реттеуге шақырды.

Альтманның пікірінше, бұл технология көп салада – медицинадан бастап климат дағдарысымен күресуге де көмектесе алады.

«Бұдан да күшті үлгілердің қаупін азайту үшін реттеуге үкіметтің араласқаны шешуші рөл атқарады. Мәселен, АҚШ үкіметі мүмкіндіктер шегінен асып кететін үлгілерді жасау мен меңгеру кезінде тестілеу және лицензия беру шарттарын қарастыра алады», - деп атап өтті Open AI компаниясының басшысы Сэм Альтман.

Америка саясаткерлері жасанды интеллекті пайдаланудың қоғам үшін біз болжай алмайтындай салдары болуы мүмкін екенін айтып жатыр.

Заң шығарушылар жұмыс орындарының жойылуы немесе шетелдік дереккөздердің жалған ақпарат жариялау үшін контент жасау генераторын пайдалануы сынды қауіп-қатер жайында ескертті.


Соңғы жаңалықтар