АҚШ компаниялары Қазақстандағы IT салаға инвестиция салмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров АҚШ компанияларының еліміздің нарығына кіру мүмкіндігі жайында пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жақында АҚШ Сауда палатасы Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп ұйымдастыруымен бизнес-форум өтіп, оған АҚШ компаниялары қатысты. Олар шынымен де Қазақстан аумағында бизнесін дамытуға мүдделі. Сондықтан кәсіпкерлер форумға арнайы келіп, еліміздің түрлі саладағы әлеуетімен танысты. Олар салалық министрліктерде тиісті кездесулер өткізіп жатыр, сондай-ақ біздің нарықты зерттеуге кірісті», - деді Әлібек Қуантыров Астана халықаралық форумы аясында өткен брифингіде.

Оның айтуынша, АҚШ компаниялары еліміздегі түрлі саладағы мүмкіндіктерді қарастырып жатыр.

«Қазір олар мұнай-газ секторына инвестиция салатын ірі компаниялармен ғана шектелмейді. Атап айтқанда, АҚШ компаниялары өндірісті, машина жасауды, IT-индустрияны, инфрақұрылымды дамыту бағытына инвестиция салмақ. Олар елімізде IT саласының қарқынды дамып келе жатқанын көріп отыр. Менің ойымша, біз олармен өте тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей аламыз. Қазірдің өзінде АҚШ өнімдері біздің елде белсенді түрде пайланылып жатыр. Біз Google өкілдерімен кездестік, олармен нақты мәселелерді талқыладық», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгінгі форумда Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров перспективасы төмен ауылдардың тұрғындарын даму мүмкіндігі жоғары елді мекендерге көшіру мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Астана халықаралық форумы алаңында сөз сөйлеп, әлемдік тәртіптің парадигмасы өзгерген кезеңдегі «орта» мемлекеттердің рөлі жөнінде баяндама жасады.


Соңғы жаңалықтар