АҚШ Қазақстандағы демократиялық өзгерістерді оң бағалап отыр - Мариан Әбішева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Кеше Вашингтонның беделді The Washington Times газетінде америкалық сарапшы Джесси Джейн Даффтың Қазақстандағы саяси реформалар туралы мақаласы жарияланды.

Менің ойымша жалпы алғанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен еліміздегі демократиялық өзгерістердің кезекті кезеңі шетелдегі саяси және сараптамалық топтарда үлкен резонанс тудырды. Танымал БАҚ-тағы мұндай мақалалар - жақсы көрсеткіш. Бұл нені көрсетеді?

Біріншіден, біздің еліміз –АҚШ-тың маңызды сыртқы саяси серіктесі. Құрама Штаттарымен бірге Қазақстан жаһандық қауіпсіздік, өңірлік даму және екіжақты жобалар бойынша белсенді жұмыс істеуде. Сондай-ақ америкалықтар еліміздегі прогресті мұқият қадағалап, Қазақстан демократиясының дәйекті түрде нығаюын қолдайтыны белгілі. Осы жылдар ішінде Вашингтон еліміздегі демократиялық реформаларды қолдау үшін көп жұмыс атқарды. Олардың қатарында жұмыс консультациялары, тренингтер, сондай-ақ АҚШ-тағы қазақстандық өкілдер үшін америкалық саяси жүйе мен оның институттарының қалай жұмыс істейтінін түсіндіруге арналған танысу сапарлары бар. Өз кезегінде бұл шетелдік тәжірибені зерделеуге және саяси жаңғыртудың қазақстандық бағдарламасын әзірлеу кезінде өте көп көмектесті.

Екіншіден, АҚШ Қазақстанның саналы түрде және өз бастамасы бойынша саяси модернизацияны жүзеге асырып жатқанын және эволюциялық модельді іске асыру қажеттілігі туралы берік ұстанымын құрметтеп, жоғары бағалайды. Өйткені, ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап «алдымен экономика, содан кейін саясат» деген мемлекеттік дамудың прагматикалық формуласын басшылыққа алды. Бұл ретте АҚШ біздің елімізге экономикалық қолдау көрсетіп, өсіп келе жатқан жас экономикамызға миллиардтаған инвестиция салған алғашқы елдердің бірі болды. Бүгінгі таңда америкалық компаниялар Қазақстанда шетелдік инвестициялар көлемі бойынша әлі күнге дейін көш бастап келеді. Осылайша, Елбасының экономиканы нығайту және оның берік негізі -демократияны дамыту туралы идеясына қолдау көрсетілді.

Үшіншіден, Вашингтон өз инвестицияларының тиімділігі мен Қазақстандағы саяси дамудың нәтижелерін көріп отыр. Кеше АҚШ президенті Трамп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Президенті лауазымына кіріскеніне бір жыл толуына орай құттықтап, жеделхат жолдаған болатын. Өзінің құттықтау жеделхатында АҚШ көшбасшысы: «Сіздің саяси жаңаруға бағытталған реформалық, өршіл бағдарламаңыз ерекше мақтауға лайық. Халықтың Үкіметке деген сенімін арттыру, гүлденген және серпінді қоғамның негізгі іргетасы саналатын бостандықтарды қорғауды күшейту бойынша алға қойған мақсаттарыңызды Америка Құрама Штаттары қолдайды. Біз кеңейтілген стратегиялық әріптестігіміздің аясында осы бастамаларды іске асыруда әрдайым Сізбен серіктес болуға дайынбыз» деген болатын.

Қазақстан өзінің тұрақты дамуын жалғастыруда. Ал танымал басылымдардағы мұндай мақалалар бір жағынан жасалып жатқан іс-қимылдардың дұрыстығын көрсетсе, екінші жағынан әрі қарай дамуға ынталандырады.

Мариан Әбішева

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының директоры


Соңғы жаңалықтар