АҚШ Қасым-Жомарт Тоқаевтың батыл реформаларын қолдайды – Энтони Блинкен

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлемдік мәселелерді шешуде Қазақстанның өзіндік ерекше орны бар. Бұл туралы бүгін елордада өткен «С5+1» форматындағы министрлер кездесуінен кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«АҚШ тарапы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың батыл реформаларын қолдайды. Бұл орайда біз Қазақстан қабылдайтын шаралар мен атқаратын жұмыстарды бақылап отырамыз. Әсіресе, адам құқығын қорғау, жемқорлықты жою мен президенттік мерзімге қатысты жүргізіліп жатқан реформаларын атап өткім келеді. Бұл бағыттағы өзгерістер Қазақстанға инвестиция құюға қолайлы ел ретінде көрсетеді. Біз 1991 жылдан бері Қазақстан экономикасына 50 млрд доллардан астам ивестиция құйдық. Алдағы уақытта АҚШ-та тікелей ивестиция бағыттауға ниетті. Сонымен бірге Қазақстан әлемдік мәселелерді шешуде өзіндік ерекше орны бар серіктес ел екенін айта кеткен жөн. Мәселен, ядролық қарудың таралуын тоқтату, бітімгерлік операцияларға қатысу, сондай-ақ ғарыш кеңістігін зерттеудегі үлесі айрықша», - деді Энтони Блинкен.

Оның айтуынша, бүгін Астанада өткен «С5+1» форматындағы министрлер кездесуінде экономика, энергетика, экология және өңірлік қауіпсіздік мәселелері талқыланған.

Осыған дейін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстанға алғаш рет келетінін хабарлаған едік.

АҚШ өкілі Қазақстанға келісімен ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесті.

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенді қабылдады.


Соңғы жаңалықтар