АҚШ қаржы министрлігі мемлекеттік қарыз шегі мерзімін ауыстырды

None
Photo: AP Photo / J. Scott Applewhite
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – АҚШ Қаржы министрі Джанет Йеллен жұма күні егер Конгресс мемлекеттік қарыз шегін 5 маусымға дейін көтермесе ел үкіметі барлық шотын уақытында төлей алмайтынын ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат CNN-ге сілтеме жасап.

Өкілдер палатасының спикері Кевин Маккарти мен басқа да Конгресс көшбасшыларына жазылған хатта Йеллен ханым америкалық заң шығарушыларға мемлекеттік қарыздың шекті сомасына байланысты келісім орнату үшін нақты шекті мерзімді көрсетті. Шекті сомма дегеніміз – АҚШ үкіметі шығындарын өтеу үшін заңды түрде қарызға ала алатын қаржы.

Бұған дейін Йеллен АҚШ үкіметінің ақшасы 1 маусымда таусылып қалуы мүмкін екенін болжаған. Елдегі жетіспеушілікті қысқартуға тырысып жатқан АҚШ президенті Джо Байден мен Конгресстегі Республикалық партия өкілдері әлі де елде бұрын-соңды болмаған дефолттың алдын алу туралы шешімге қатысты келіспеушіліктерді жоюға тырысып жатыр.

«Ең кейінгі қолжетімді деректерді негізге алсақ, егер Конгресс мемлекеттік қарыз шегін 5 маусымға дейін көтермесе немесе тоқтата тұрмаса үкіметтің міндетін орындауға қазынада қаржы жеткіліксіз болмақ», - деп атап өтті Йеллен хатында.

Сондай-ақ ол 130 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы, жоспар бойынша, алдағы айдың алғашқы екі күнінде әлеуметтік қамтамасыз етуге жұмсалатынын жазды, ал 5 маусымнан бастап 1 апта ішінде қосымша шығындарға шамамен 92 миллиард АҚШ доллары керек.

Сонымен қатар қаржы министрі Конгресс басшыларын келісімге тезірек келуге шақырып, «мемлекеттік қарыздың шегін төмендетуді немесе ұлғайтуды соңғы минутқа дейін күту бизнеске және тұтынушылардың сеніміне айтарлықтай зиян келтіріп, салық төлеушілер үшін қысқа мерзімді қарыз алу құнын арттырып, АҚШ-тың несие рейтингіне теріс әсер етуі мүмкін екенін» айтты.


Соңғы жаңалықтар