АҚШ Қарулы күштерінің майоры қазақстандық медальмен марапатталды

None
None
АСТАНА.ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Қорғаныс министрлігінде ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Талғат Мұхтаров АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігі жанындағы әскери атташе, полковник Эндрю Берриермен кездесті.

«Қорғаныс министрі майор Джастин Колбертті «Дала қыраны-2014» оқу-жаттығуларын ұйымдастырғаны және Қазақстанның Қарулы күштерінің бітімгерлік әлеуетін дамытуға қосқан үлесі үшін «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттау шешімін қабылдады. Біз «Дала қыраны» оқу-жаттығулары басты буын болып табылатын бірлескен бітімгерлік дайындығымызды одан ары да жалғастыратынымызды атап өткім келеді», - деп хабарлады Т.Мұхтаров.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы оқу-жаттығулары алғаш рет Қазақстаннан тысқары жерде (Германияда), сондай-ақ АҚШ Қарулы күштері оқу-жаттығу орталығының аумағында табысты өткізілді, түпкі мақсатқа толық қол жеткізілді. Барлық әскерилер игерген машықтары мен меңгерген дағдыларын іс жүзінде қолдануға даярлығын көрсете білді.

ҚР Қорғаныс министрі орынбасарының атап өтуінше, биылғы жылғы оқу-жаттығуларын ұйымдастыруда әскери атташе, полковник Берриер мен оның ұйымдастырылуына тікелей жауапты болған әскери ынтымақтастық кеңсесінің бастығы, майор Колберттің тарапынан үлкен көмек болды.

«Дала қыраны» оқу-жаттығулары Қазақстан Республикасы, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі және АҚШ-тың Қарулы күштері бөлімшелерінің қатысуымен 2003 жылдан бері өткізілуде, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінен.

Соңғы жаңалықтар