АҚШ, Канада, Қытай, Түркия, Германиядан елордаға абайтанушылар келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай елордада 300-ден астам шара өтеді.

Бұл туралы бүгін елорда әкімдігінде өткен кеңейтілген кеңесте Нұр-Сұлтан қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастығы Тілеуғали Қышқашбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлы Абайдың 175 жылдығы биыл аталып өтетін ең маңызды мерейтойлардың бірі. Қазіргі уақытта қалалық іс-шаралар жоспары және оның тұжырымдамасы бекітілген. Іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстары басталып та кетті. Өткен жылдың тамыз айында Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы »Ұлы Абайдың ізімен« деген атаумен ғылыми-танымдық сапар ұйымдастырып, зиялы қауым өкілдерінен құралған топ Абай еліне саяхат жасап қайтты.

Сонымен қатар Білім басқармасына қарасты жасөспірімдердің өлкентану ұйымдарының ұйымдастыруымен мектеп оқушыларына арналған экскурсиялық турдың 1-кезеңінде Абай еліне елордалық оқушылар барды. Екінші кезең алдағы уақытта, жазғы демалыс кезінде жалғасады. Сонымен қатар қыркүйек айынан бастап ашық сабақтар, тәрбие сағаттары, поэзия кештері ұйымдастырылуда. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, 2020 жылы бекітілген қалалық жоспарға сәйкес, елродамызда әртүрлі деңгейде 300-дей шара өтеді. Мектепке дейінгі мекемелерден бастап мектептерде, орта арнаулы оқу орындарында және жоғары оқу орындарында, мекемелерде, театрларда Абай оқулары, поэзия кештері, кітап көрмелері, Абай жолы қойылымдары, тарихи танымдық саяхаттар, жас ақындар поэзиялық кештері, Абай әндері кеші, ақындар айтысы, тәрбие сағаттары және үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар қаланың ірі сауда орындарында, саябақтарға, аялдамаларда және адамдар көп шоғырланатын орындарда Абайдың қара сөздері мен өлеңдері аудио форматта таратылып, қаланың көрікті жерлеріндегі тақтайшаларға ұлы тұлғалардың Абай туралы айтқан қанатты сөздері орналастырылады.

«Абайдың мерейтойына орай өтетін шаралардың маңыздысы - қазан айына жоспарланып, республикалық жоспарға енген »Абай және рухани жаңғыру мәселелері« атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. Бұл шараға елімізден бөлек Абайтану саласына еңбек сіңірген ғалымдар, оның ішінде Германияның Гете институтынан, Түркиядан, Моңғолиядан, Қытайдан, Америкадан және Канададан, Татарстан мен Әзербайжан сынды өзге де мемлекеттерден Абайдың шығармашылығы мен өмір жолын зерттеп жүрген зиялылар қатысады деп жоспарланған», - деді Тілеуғали Қышқашбаев.





Соңғы жаңалықтар