АҚШ: Калифорния жағалауында мигранттар мінген екі қайық суға батып кетті

None
САН-ДИЕГО.ҚазАқпарат - АҚШ-тағы Калифорния жағалауында екі қайықтың аударылып кетуі салдарынан кем дегенде сегіз адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC News-ке сілтеме жасап.

Қайықтар Сан-Диего қаласындағы Блэк-Бич жағажайына жақын жерде аударылғаннан кейін аман қалғандарды іздеу жұмыстары басталды.

Жедел жәрдем шақырған әйел жағаға жеткен сегіз адаммен бірге қайықта болғанын хабарлады. Әйелдің айтуынша, бортында сегіз-он адам болған тағы бір кеме аударылып қалған.

Сан-Диего құтқару қызметінің басшысы Джеймс Гартленд бұл оқиғаны штаттағы адам саудасының ауыр трагедияларының бірі деп атады. Адам саудасымен айналысатын белгілі бір қылмыстық ұйым оларды елге заңсыз әкелмек болған.

Ресми тұлғалар қаза тапқандардың ұлты белгісіз, бірақ барлығы ересек адамдар екенін айтты.

Құтқару қызметі 366 м аумақта шашыраңқы жатқан мәйіттер мен екі төңкерілген қайықты тапты. Іздеу жұмыстары жексенбі күнге дейін жалғасты.

Оқиғаға не себеп болғаны белгісіз, бірақ жағалаудың құмды қайраңы мен ағыстарына байланысты бұл аймақ қауіпті деп саналады.

Құтқарушылар тірі қалғандарды таппады, бірақ билік олар құтқару қызметі келгенге дейін жағажайдан кетіп қалуы мүмкін деп санайды.

Сан-Диего АҚШ-Мексика шекарасына жақын орналасқан және АҚШ үкіметі мигранттарды ұстау үшін қаланың оңтүстігінде су жиегінен қоршау салған.

Бұл соңғы бес айда осы аймақта тіркелген мигранттарды заңсыз әкелудің жүздеген оқиғасының бірі ғана.

2021 жылы Сан-Диего жағалауында дәл осындай апаттан төрт адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды.


Соңғы жаңалықтар