АҚШ елшілігі Қазақстанға туберкулезді ерте анықтайтын құрылғылар сыйлады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандағы туберкулез диагностикасын жақсарту үшін АҚШ елшілігі ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне 50 GeneXpert аппаратын сыйға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобаны USAID (АҚШ халықаралық даму агенттігі) жүзеге асыруда.

«Жиырма жылдан астам уақыт бойы USAID отбасы денсаулығын сақтау үшін, туберкулезбен байланысты өлім-жітім санын азайту үшін, ауруды тиімді емдеу бойынша Қазақстан үкіметімен, медициналық қызметкерлерімен және азаматтық қоғамымен жұмыс істеп келеді. Бірлесе жұмыс істеу арқылы Қазақстандағы туберкулез жүктемесін азайтуда елеулі табыстарға қол жеткіздік», - деп атап өтті Қазақстандағы АҚШ елшісі Уильям Мозер.

Елшінің айтуынша, 2018 жылы БҰҰ Бас ассамблеясында туберкулез бойынша жоғары деңгейлі жиналыста Америка Құрама Штаттары 2022 жылға қарай әлемде 40 млн адамды емдеу міндетін мойынға алған.

«Бұл мақсатқа жету үшін USAID әкімшісі Марк Грин «Туберкулезді жоятын жаһандық акселератор» жаңа инновациялық моделін жариялады. Бұл туберкулезді жою үшін оған қарсы барлық ресурстарды қолдануға бағытталған. Осы орайда АҚШ пен Қазақстан үкіметі туберкулезге қарсы күрестегі серіктестік қарым-қатынасты жалғастырады. Қазақстан үкіметімен бірлесіп жұмыс істеу арқылы қазақстандық отбасылардың амандығына ғана емес, жаһандық табысты емдеу мақсатына да қол жеткіземіз», - АҚШ елшісі.

Ол GeneXpert аппараттарының диагностикадағы үздік құрылғы екенін атап өтті. Құрылғы туберкулезді анықтау дәлдігін арттырады және диагностика мен емдеу арасындағы уақытты қысқартады.

«Биыл USAID туберкулезбен күрес бойынша тағы бір өңірлік жобаны бастайды. Жоба «Орталық Азиядағы туберкулезді жою» немесе ETICA деп аталады және бұл өңірдегі туберкулез бойынша барлық ұлттық бағдарламаларға қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, USAID Қазақстандағы туберкулезге қарсы препарат өндірушілерге техникалық көмек көрсетеді», - деді У. Мозер.

Өз кезегінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева АҚШ елшісіне алғыс білдірді және Қазақстанда дәл осындай 59 аппараттың жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

«Елімізде жедел диагностикалау технологиялары табысты енгізіліп жатыр. Дәл осындай 59 аппарат республика ауруханаларында жұмыс істеп жатыр. Бүгін еліміз тағы 50 GeneXpert аппаратын алды. Бұл арқылы аз уақытта нақты диагнозды қоюға болады және туберкулезге қарсы препаратқа науқас ағзасының қалай әсер ететінін де біле аламыз», - деді вице-министр.

Айта кетейік, GeneXpert құрылғылары ең алдымен аппарат саны аз Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына жеткізіледі.


Соңғы жаңалықтар