АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын қаржыландыруды тоқтатты

None
None
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – Құрама Штаттар президенті Дональд Трамп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) коронавирус пандемиясымен күресте дәрменсіз болуына байланысты ұйымның бюджетіне жарна төлеуді тоқтата тұруға бұйрық бергенін мәлімдеді. Бұл туралы ҚазАқпарат ВВС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Шынайы жағдай былай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ақпаратты жеткілікті дәрежеде алып отырмады, тексермеді және оны уақытылы және ашық түрде жарияламады.

Әлем елдері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы денсаулыққа төнетін халықаралық қауіп туралы нақты ақпараттарды уақытылы таратып отыратынына үміттенеді. Ал егер олай болмаса орын алып жатқан жағдай туралы өз бетімен жеткізеді. ДДҰ аталған негізгі міндетін орындамады және жауапкершілікке тартылуы керек. Ондаған жылдардан кейін уақыт жетті», - деді Трамп Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында.

Президенттің айтуынша, БҰҰ агенттігі қытайлық жалған ақпаратты таратқан. Бұл, эпидемияның анағұрлым ауқымды салдарына алып келген.

Осылайша, Д. Трамп Қытайда пайда болған вирустың ғаламшар бойынша таралып кету оқиғасында ДДҰ-ның рөлі анықталғанға дейін қаржыландыруды тоқтата тұруға нұсқау берді.

Айта кетейік, АҚШ – ДДҰ-ның ең ірі қаржыландыру көзі. Тек өткен жылдың өзінде ғана олардың жарнасы 400 млн долларды, яғни ұйым бюджетінің 15% құраған болатын.

Ал БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерреш қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының немесе вируспен күресетін басқа да гуманитарлық ұйымдардың қызметі үшін ресурстарды қысқартатын уақыт емес екенін мәлімдеді.

«Қазір – бұл вирусты және оның эпидемиялық салдарын жою үшін халықаралық қауымдастықтың бірлесіп жұмыс жасау уақыты», - деді БҰҰ Бас хатшысы.


Соңғы жаңалықтар