АҚШ азаматы мен ақмолалық шенеуніктер 1 млрд теңгеден астам ақшаны жымқырған

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – АҚШ азаматы мен Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшылығы 1 миллиард теңгеден астам ақшаны жымқырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қзыметіне сілтеме жасап.

Қылмыстық істі тергеу аясында облыстың арнайы прокурорларының өтініші бойынша Ақмола облыстық сотының қаулысымен мемлекет пайдасына АҚШ азаматы «Г.Ю.А.» мүлкі тәркіленді.

Тергеу барысында Бурабай жағалауында орналасқан жер учаскесі бар жеке клиниканың жаңа ғимараты мен «Лексус» маркалы автокөліктің заңсыз сатып алынғаны анықталды.

«АҚШ азаматшасы «Г.Ю.А.» клиникалар желісінің иесі бола тұра, Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшыларымен сыбайласып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты шеңберінде ескі медициналық жабдықты 1 167 513 600 теңге сомасына жаңа ретінде жеткізу арқылы бюджет қаражатын жымқырды деп күдікке алынды. Бұған қоса, бұл медициналық жабдықтардың бір бөлігі жұмыс істемейтіндігі анықталды. Кейіннен ол осы ақшаға жаңа емхана ғимаратын 890 млн теңгеге салып, оны мемлекетке 4,5 млрд теңгеге сатуға тырысқан», - деді ведомстводан.

Прокуратураның баспасөз қызметінен атап өткендей, «Г.Ю.А.» 2021 жылғы сәуірде қылмыстық іс тіркелгенге дейін Қазақстан Республикасының шекарасынан өтіп кеткен. Осыған байланысты, оған сырттай күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды. Оған халықаралық іздеу жарияланды.

«Ақмола облыстық сотының 2.06.2023 жылғы қаулысымен (заңды күшіне енді) мемлекет пайдасына жоғарыда аталған мүлік тәркіленді. Өз кезегінде Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшыларын айыптау бойынша негізгі қылмыстық іс сотта. Олар күзетпен ұсталып отыр», - деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетсек, Ақмола облысының арнайы прокурорлары республика бойынша алғаш рет халықаралық іздеуде жүрген адамның мүлкіне сот үкімі шыққанға дейін тәркілеу тетігін қолданып отыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақмола облысында лауазымды тұлғаға пара берген әкім сотталғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар