Ақсай тұрғындары тау боп үйілген қоқысқа шағымданып жатыр

None
None
АҚСАЙ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласының тұрғындары айлар бойы жиналып, тау боп үйілген қоқысқа шағымданып жатыр. Ешбір шара болмаған соң, фотоларды әлеуметтік желіге салып, жұртшылық назарын аудартпақ. Бұл туралы «Мой ГОРОД» порталы хабарлады.

Басылымның жазуынша, даудың басы 15 сәуірде басталған. Сол кезде жергілікті билік қоқыстарды алып кететін компания техниканы жалдағаны үшін 1,7 млн теңге қарыз болып қалғанын жариялады. Солайша, басқа оператор іздестіре бастаған. Бүгінде «ДемСервис» ЖШС-мен шарт жасалған. Бірақ қоқыс сол күйі әлі жатыр.

«Тихоненко көшесі, «Диляра» дүкенінің алдындағы қоқыстың жатқанына бір ай болды!», - деп жазды Instagram-дағы «Жалоба Ақсай» тобының пайдаланушыларының бірі.

Желі қолданушыларының айтуынша, бүкіл қаладағы жағдай осындай. Ал тау болып үйілген қоқыс егеуқұйрықтардың мекеніне айналған. Қолаңса иістен жәшіктердің маңынан жүріп өту мүмкін емес.

Ақсай тұрғындары айлар бойы жиналмаған қоқыс үшін ақша төлегісі келмейтінін білдіріп жатыр.

Ал қала әкімі Амангелді Тоғызбаев Facebook-те мәлім еткендей, қоқыс тасымалдаудың төлемі жиналмай жатыр. Оның үстіне, қажетті техника жоқ, жұмысшылар тапшы.

Қала басшысы жағдайды реттеудің амалы қарастырылып жатқанын жеткізді.

Оның айтуынша, «Асар» акциясы өткізіліп, екі аптаның ішінде 850 тонна қоқыс шығарылған.

Соңғы жаңалықтар