Ақсай қаласында үйлерге су кіріп, 13 адам эвакуацияланды

None
Фото: Бөрлі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ақсай қаласында үйлерге су кіріп, 13 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсановтың айтуынша, қалаға қарасты Қызылтал ауылында еріген қар суы көп мөлшерде келуіне байланысты алдын ала мәлімет бойынша оншақты үйге су кірді.

«Қазіргі кезде Қызылталдан тұрғындарды көшіру жұмыстары жүргізілуде. Қанша үйді су басқаны, қаншасына қауіп төніп тұрғаны нақтыланып жатыр. Шанхай шағынауданында су деңгейі 70-80 сантиметрге түсті. Мұнда тұрғын үйлерге қауіп төніп тұрған жоқ», деді ҚазАқпарат тілшісіне Е.Ихсанов.


Аудан әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, 8710 текше метр қар шығарылып, тәулігіне 122 500 текше метр су сорғызылды. Оған 182 адам (159 техника, 28 мотопомпа) қатысуда.

Сол секілді ауылдық округтерде 48 дана техника, 17 мотопомпа, 158 адам жұмылдырылды.

Ақсайда 13 наурыз күні сағат 10.00-ден күні бүгінге дейін аудандық штабқа 500-ден астам өтініш түссе, соның 90 пайызы еріген қар суының аулаларды басуына байланысты болды. Бұған барлық мердігерлер мен компаниялардың ассенизаторлары дақатыстырылды.


Ақбұлақ ауылындағы су бөгетінің бұзылуына байланысты Ақсай қаласының Қызылтал және Аралтал ауылдарын су басу қаупі күшеюде.

Бұған дейін Ақбұлақ ауылында 14 үйге су кіріп, 44 адам көшірілсе, соның 13-і – балалар. Сонымен қатар 60 бас ірі қара, 72 ұсақ мал, 2 жылқы шығарылды. 6 ұсақ мал суға кетті.

Сондай-ақ Кеңтүбек ауылында 6 үйге су кіріп, 22 адам қауіпсіз аймаққа эвакуацияланса, соның 9-ы – балалар.


Ақсу ауылында 13 наурызда Шыңғырлау өзеніндегі судың арнасынан асып кетуіне байланысты 20 үйге қауіп төнді. 76 адам мектепке орналастырылса, соның 30-ы – балалар. Қазіргі уақытта су деңгейі төмендеп, барлық тұрғындар үйлеріне оралды. Су басқан үйлер жоқ.


Сол секілді аудан жолдарында төрт жерде су шайып кетті. Соның ішінде аудандық маңызы бар Ақсай-Кеңтүбек жолының 20-шақырымында су басып, көлік қозғалысы тоқтатылды. Жол Кеңтүбек және Қарағанды ауылдарымен жалғасады. Қалған үш бағытта көлік тоқтаған жоқ, кезекші посттар қойылды.

«Қазіргі кезде Ақсай қаласында жедел топ мүшелері екі ауысымда жұмыс жасап, қауіп төнген аумақтарды бақылау үстінде», деп хабарлады ведомстводан.


Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі ауданында төтенше жағдай жарияланғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Орал қаласында төтенше жағдай жарияланды.

БҚО-ның тағы бір ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Батыс Қазақстанда ауылға су кіріп, 44 адам эвакуацияланды.

БҚО-да республикалық жолды су шайып кетті.

БҚО-да су шайып кетуіне байланысты тағы бір республикалық жол жабылды.

Батыс Қазақстанның Бәйтерек ауданында төтенше жағдай жарияланды.





Соңғы жаңалықтар