Ақсай қаласында қоқыс контейнерлері уақтылы тазартылмай отыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақсай қаласында қоқыс контейнерлері уақтылы тазартылмай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұрғындардың әлеуметтік желілерде мәлім еткеніндей, қаланың кейбір шағынаудандарында қоқыс асып-төгіліп жатыр.

Ақсай қаласында 40 мыңдай халық тұрады.

Қала көшелерінде 618 жәшік қойылса, соның бес жүзі - жай, қалған 120-ға жуығы - еуроконтейнерлер. Бұл контейнерлерді тазарту үшін арнайы манипуляторлар керек. Қала тазалығына жауапты мекеме «Ақсай Тазалық KZ» ЖШС-ның өзінде мұндай техника жоқ. Сондықтан олар жалға алған техникаға қаржы төлей алмағаннан кейін 28 желтоқсаннан бастап аталмыш контейнерлерден сегіз күндей қоқыс шығаруды тоқтатқан.

Аталған ЖШС-дан алынған мәліметке қарағанда, мұның басты себебі - тұрғындардың «Ақсай Тазалық KZ» ЖШС алдындағы қарызы көбейіп, 10 млн теңгеге жеткендігі. Былайша айтқанда, қала тұрғындарының 25 пайызы ғана қоқыс ақысын төлеп отыр.

Тұрғындар дабыл қаққаннан кейін бұл мәселеге соңғы күндері баса көңіл бөліне бастады.

Қаланы қоқыстан тазалау жұмыстарына енді пәтер иелері кооперативтері де күш салмақ. Ақсай қаласының әкімі Амангелді Тоғызбаевтың сөзіне қарағанда, «Ақсай тазалық KZ» ЖШС басшылығы қалалық ПИК төрағаларымен мәселені бірлесіп шешу жолдарын іздестіріп көрмекші.

Сонымен қатар бұрын тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін әр пәтерден 500 теңгеден жиналып келсе, өткен жылы заңнама талаптарына сәйкес баға өзгертілген. Енді сол үйде тұратын әр адам басына 211 теңге 67 тиыннан төленеді. Бұл да тұрғындардың бір бөлігінің наразылығын туғызып отыр.



Фейсбук әлеуметтік желісіндегі Just Aksay тобында тұрғындар өз реніштерін білдіріп, қоқыстың суреттерін салуда.

Соңғы жаңалықтар