Ақпараттық тур: 2 күнде 180 келісімшарт жасалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Орталық коммуникациялар қызметінде ішкі туризмнің әлеуетін ынталандыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздің батысындағы 4 облыстың 12 туристік операторы отандық компаниялар үшін тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған ақпараттық турға қатысып жатыр.

20-30 мамыр аралығында жүзеге асатын сапар барысында туристік компаниялардың өкілдері Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларының Ақмола, Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының туристік орындарын араламақ.

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының оқиғалық жобалар және іс-шаралар департаментінің директоры Гауһар Жеңісбектің айтуынша, 2 күннің ішінде отандық операторлар мен шипажайлар арасында 180-ге жуық келісімшарт жасалған.

«Туристік компаниялар шипажайларға неғұрлым көбірек адам келсе, қызмет құнын арзандауы мүмкін. Осының есебінен жалпы қызмет құны арзандайды. Бұл әлемдік практикада бар құбылыс» - дейді Гауһар Жеңісбек.

Турға қатысушылар 2 күн бойы Бурабай, Зеренді маңындағы шипажайларда болып, бүгін Шымкент қаласына ұшып кеткен. Ол жақта операторлар Сарыағаш курорттық аймағын аралап, Алматының маңындағы шипажай нысандарымен танысады. Ақпараттық тур Шығыс Қазақстан облысында аяқталмақ. Мұнда олар Өскеменнің іргесіндегі «Нұртау» шаңғы базасы мен «Рахман қайнары» кешенінде болып, бұғының қанымен емдеу орталықтарын көреді.

«Бұл жолғы турға ішкі туризмнің шипажай-курорт бағытын таңдап алдық. Алдағы турларда басқа да бағыттарды қамтимыз. 10 күндік сапарға бюджет тарапынан 16 млн теңге шамасында қаржы бөлінген», - дейді «Kazakh Tourism» өкілі.

Соңғы жаңалықтар