Ақпараттық технологиялар жалған білімдерді үлкен жылдамдықпен таратуда - Архиепископ

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Адамдар парасындағы қарама-қайшылықтарға ағартушылықтың төмен деңгейі, нақты білімнің болмауы, сауатсыздықтан туындаған қорқыныш пен фобия ықпал етті. Бұл пікірді Қазақстан Евангелия-лютерандық шіркеудің архиепископы Юрий Новгородов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің идеясы өте қарапайым – диалог құру, әлемді барынша қауіпсіз ету, қақтығыстарды, атап айтқанда, Құдайды әртүрлі түсінуге негізделген қақтығыстарды азайту. Менің ойымша, әр ұрпақ буыны өзі өмір сүрген уақытты ең қиын кезең деп айтады. Әділін айтсақ, діни қарама-қайшылық аясындағы қақтығыстар бүкіл әлемде болды. Бізге дейін адамзат қоғамдастығы дәл осындай мобильді болған емес, ұлттық құрам мен діни тұрғыда мұндай аралас қоғам болған жоқ, ешқашан диванда жатып, соғысты тікелей эфирде көруге мүмкіндік беретін технология болған жоқ. Мұның бәрі адамдар мен діни қауымдастықтарға өзгеріс әкеледі. Алайда, ретроспективаға мұқият қарасақ және оны бүгінгі күнмен салыстыратын болсақ, осы қарама-қайшылықтардың пайда болуына ағартушылықтың төмен деңгейі, бір-біріміз туралы нақты білімнің болмауы, сауатсыздықтан туындаған қорқыныш пен фобия ықпал етті деп ойлаймыз», - деді спикер елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінде.

Спикердің айтуынша, осы надандықты көбінесе теріс діни идеялар пайдаланады.

«Өкінішке орай, дамыған жоғары ақпараттық технологиялар жағдайды ушықтыратын жалған білімдерді үлкен жылдамдықпен таратуға мүмкіндік береді. Тұтынушылар қоғамының идеологиясы білімнің деградациясына, басымдықтардың өзгеруіне және адами қарым-қатынастың басқа нормаларына әкеле жатқанын байқамауға болмайды. Діни қауымдастық ретінде біз не істей аламыз? Қандай проблемалар мен кедергілер бар? Адамды құрметтеуге негізделген тәрбиені қалай құруға болады? Біз бүгін осыларды анықтауға тырысамыз», - деді Юрий Новгородов.

Айта кетейік, бүгін елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі жалғасуда. Онда «Білім мен діни ағартудың діндер мен мәдениеттердің сыйластықта қатар өмір сүру және бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы рөлі» атты секциясы жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар