Ақпараттандыру және байланыс комитетінің экс-басшысы Б.Берсебаев, Комитет басшысының орынбасары Б.Арпабаев және «Қазақтелеком» АҚ стратегиялық басқару жөніндегі бас директоры Б.Маханбетәжиев ұсталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Ақпараттандыру және байланыс, «Қазақтелеком» Акционерлік қоғамы, сондай-ақ «ҚазТАГ» ХАА» ЖШС-нің лауазымды тұлғаларының аса ірі көлемдегі мемлекеттік қаражатты ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеу амалдарын жалғастырып жатыр. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру ұлттық бюросы хабарлады.

Осылайша, тергеу 2010-2015 жылдары мемлекеттік саясатты ақпараттық алға жылжытуға бөлінген 160 млн.-нан астам теңге ұрланғанын анықтады.

Ұрлық жасау күдігімен 25 наурызда Комитеттің бұрынғы басшысы Берсебаев пен Комитет төрағасының орынбасары Арпабаев ұсталды.

Аталған тұлғалар «ҚазТАГ» агенттігімен ғана шарт орнату үшін қасақана жағдайлар жасап, сол арқылы мемлекеттік сатып алулар туралы заңнама талаптарының өрескел бұзылуына жол берді.

Осылайша, мемлекеттік тапсырысты орындауға басқа бәсекелестер алынып тасталды.

Бұдан басқа, мемлекеттік саясатты алға жылжыту тегін, тұрғындар үшін ашық және қолжетімді режимде жүзеге асырылуы тиіс болған.

Алайда, мемлекет төлеген материалдар ақпараттық агенттіктің сайтында жабық форматта орналастырылып, пайдаланушылардан қосымша төлем талап етті.

Бюджеттік қаражат «ҚазТАГ» ақпараттық агенттігінің есеп шотынан «Ұлттық Баспасөз клубы» аффилирлік қоғамдық бірлестікке ақшаны жалған негізде аудару жолымен ұрланған.

***

Тағы бір факт 51% акциясы мемлекетке тиесілі «Қазақтелеком» АҚ лауазымды тұлғаларының 260 млн. теңгені жымқыруымен байланысты.

Қаражат қоғамның ақпараттық-жарнамалық материалдарын баспа басылымдарында жариялауға арналған. Бұл үшін жоғарыда айтылған «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігімен шарт жасалған.

Тергеу барысында анықталғандай, Акционерлік қоғам қызметтің екі еселенген сомасын төлеп, кейін оны қалтасына басқан.

25 наурызда мемлекет қаражатын ұрлады деген күдікпен акционерлік қоғамның стратегиялық басқару бойынша бас директоры Б.Маханбетәжиев ұсталды.

Бұрын хабарланғандай, Матаев «үй қамағына» алынды.

***

Сонымен қатар, Сейтқазы Матаев «Ұлттық баспасөз-клубы» ҚБ-нің 326,9 млн. теңге сомасындағы салығын төлеуден жалтарды деген күдік бар.

Баспасөз клубының кәсіпкерлік қызметінен (кеңселерді жалға беруден) тапқан 1,4 млрд. теңге көлеміндегі табысының салығын төлемеу салдарынан осындай қарыз қалыптасқан.

Барлық фактілер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі туралы заңда бекітілген тәртіппен жұртшылыққа жеткізіледі.

null

Соңғы жаңалықтар