Ақпаратқа қол жеткізу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың төрағалығымен ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Бұл жөнінде аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Комиссия отырысына Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар және ақпаратқа қол жеткізу саласындағы сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Комиссия отырысында «Ашық НҚА» (legalacts.egov.kz) порталында нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, сондай-ақ, «Ашық бюджет» (budget.egov.kz) порталындағы бюджет жобаларын жария талқылау процестеріне халықтың қатысу мәселесі талқыланды.

Комиссия жұмысын аша отырып, министр комиссия жұмысының маңызын атап өтті. Ол комиссияның жаңа мүшелері – Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп пен адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы Зере Утебаеваны таныстырды.

Алғашқылардың бірі болып Әділет министрлігінің заңнама департаментінің директоры Олжас Данабеков сөз сөйледі. Ол «Е-Заңнама» ақпараттық жүйесі, сондай-ақ нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобасы туралы айтып берді.

Аталған заң жобасы аясында заң жобаларына жасалатын «Атамекен» ҰКП-ның, сараптамалық және қоғамдық кеңестердің сараптамалық қорытындыларын «Ашық НҚА» порталына көшіру жоспарлануда. Сондай-ақ, жобаны порталда орналастыру туралы мүдделі тұлғаларды автоматты түрде хабардар ету функционалы көзделеді. Осылайша, Олжас Данабеков атап өткендей, «Ашық НҚА» порталы НҚА жобаларын талқылау үшін бірыңғай алаң бола алады.

Сондай-ақ, комиссия отырысында «Ашық бюджет» порталында жарияланатын ақпарат тізбесін қайта қарау мәселесі бойынша Қаржы министрлігі Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Еркін Беркешев баяндама жасады.

Жыл соңына дейін Қаржы министрлігі «Ашық бюджет» порталын «Е-Қаржымині» интеграцияланған автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен интеграциялауды жоспарлап отыр. Онда бюджеттің атқарылуы жөніндегі деректер бар, ал 2020 жылдың соңына қарай «Мемлекеттік жоспарлау» ақпараттық жүйесінен жоспарланатын бюджет бойынша мәліметтерді «Ашық бюджет» порталына беруді қөздейді.

Осы шаралар деректердің шынайылығын, уақтылы орналастырылуын және сапасын, сондай-ақ деректерді машинамен оқылатын түрде жариялауды қамтамасыз етеді.

Бұл ретте Ақпарат және қоғамдық даму министрі халықтың бюджеттік бағдарламалар жобаларын талқылау үдерісіне тартылу деңгейінің төмендігін атап өтті.

Отырыс соңында Парламент Сенатының депутаты Н. Жүсіп комиссия жұмысының маңызы халықпен кері байланыс орнатуда және мемлекеттің халық алдында ашықтығын қамтамасыз етуде екенін атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері нақты ұсыныстар берді.

Комиссия мүшелері – Рахым Ошақбаев («Талап» қолданбалы зерттеулер орталығы» ҚҚ директоры) және Ольга Диденко («Internews Kazakhstan» заңгері) республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізетін мемлекеттік аудит нәтижелерін ашық қол жеткізуде жариялау қажеттігіне назар аударды.

Рахым Ошақбаев сондай-ақ Қаржы министрлігінің өкілдерін үкіметтік емес ұйымдармен тығыз ынтымақтасуға, сондай-ақ бюджетті бекітудің барынша транспарентті кезеңін жасауға шақырды.

Комиссия мүшелерінің шешімі бойынша келесі отырысты желтоқсанның бірінші онкүндігінде өткізу жоспарланды.

Соңғы жаңалықтар