Ақпаратқа қол жеткізу: Министрлік саланың әлсіз тұстарын атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елдегі ақпаратқа қол жеткізу саласының әлсіз және басым тұстары белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Қазақстандағы ақпаратқа қол жеткізу саласының бүгінгі ахуалы туралы есеп дайындап, енгізуді тапсырған болатын. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпаратқа қол жеткізу мәслелері жөніндегі комиссияның отырысында сол есептің жобасын таныстырды.

Мемлекет пен қоғам коммуникацияларын дамыту департаментінің директоры Бекзат Рахимовтың айтуынша, биыл бірінші рет әзірленген бұл есеп Экономикалық серіктестік және даму ұйымының ұсынымы бойынша қолға алынғанын еске салды.

«Есеп 2020 жылды қамтиды. Сонымен бірге 2015 жылы қабылданған Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңның күшіне енген кезден бастап салада орын алған өзгерістердің жалпылама талдауы да бар. Ақпараттардың негізгі иеленушісі болғандықтан, есеп негізінен мемлекеттік органдардың жұмысына бағытталған. Қоғамдық маңызы бар ақпараттардың елге жетуін және қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бірінші кезекте осы органдар міндетті. Алдағы есептерде бүкіл ақпарат иелерін қамту жоспарланып отыр. Бұлл жолғы есепте әлеуметтік және аналитикалық зерттеулердің қорытындысы, қазақстандық және халықаралық қауымдастықтың бағалауы көрініс тапқан», - деді министрлік маманы.

Департамент директоры ақпараттың қол жеткізудің қазақстандық моделін талдау кезінде мынандай басым тұстарды анықтаған.

Біріншіден, ақпаратқа қол жеткізуді реттейтін заң мен оның жұмыс істеуіне жағдай жасайтын заңнамалық нормалар бар. Екіншіден, Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңның талаптары тек мемлекетті органдарға ғана емес, квазимемлекеттік секторға да, мемлекеттік қызмет атқарушыларға да бірдей міндет етіледі. Ақпараттың қолжетімділігі қамтамасыз ететін заманауи технологиялар мен тәсілдердің бар болуы да басым тұс ретінде бағаланып отыр.

«Ақпараттың қолжетімділігін бақылайтын құзертті орган бар және әрбір мемлекеттік органда осыған жауапты құзыретті тұлға бар. Ақпаратқа қол жеткізу жөніндегі комиссия қоғамдық пікір мен мүддені ескеріп отырады. Мемлекеттік органдардың ашықтығын жыл сайын бағалап отыру жолға қойылған», - дейді Бекзат Рахимов.

Сондай-ақ, ол саланың әлсіз тұстарына да тоқталды. Есеп жобасына сүйенсек, бірінші осал тұс – Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңда шектеулер мен «ерекшеліктердің» болуы. Мемлекет пен қоғам коммуникацияларын дамыту департаментінің директоры Бекзат Рахимовтың айтуынша бұл тетіктер заңның құқықтық қолданыс аясын тарылтуы мүмкін.

«Екінші - азаматтың ақпаратқа қол жеткізу құқығы бұзылған жағдайда шағым білдіру және бақылау тетігінің жоқтығы. Үшінші – Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңды орындамағаны үшін жауапкершіліктің жоқтығы. Төртінші – «Ашық үкімет» порталының техникалық тұрғыдан ескіруі және қолайсыздығы. Бесінші - мемлекеттік органдардағы бөлімшелердің ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ететін уәкілетті тұлғалардың кәсіби деңгейінің төмен болуы және ведомствоның ақпараттық ашықтыққа қалдықтық принциппен қарау. Алтыншы – халықтың құқытық сауаттылығының төмендігі және білуге құқылы екенін түсіну деңгейінің әлсіздігі», - деді министрлік өкілі.


Соңғы жаңалықтар