Ақпарат және коммуникациялар саласында қандай өзгеріс күтіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі биыл біраз іс-шараларды іске асыруды жоспарлап отыр. Мәселен, елімізде 5G желісі сынақтан өткізіледі. Соның арқасында фильмдерді бірнеше секундтың ішінде жүктеуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, мемлекеттік сайттардың барлығы жабылуы ықтимал. Ал әкімдердің жұмысы «Ашық аймақ» жобасы аясында бағаланады. Сонымен қатар министр Дәурен Абаев «Astana Hub» теxнопаркіне 26 есе (!) артық инвестиция тартамыз деп отыр. Отандық телеарналардың жаңа рейтингі енгізіледі. Сондай-ақ, ХҚКО-ларда xалықтың сауатсыздығын пайдаланып, ақша тауып жүрген делдалдарды барынша азайту көзделген. Аталған мәселелердің бәрі жақында министрліктің алқа мәжілісінде кеңінен қаралды. Енді соларға жекелеп тоқталсақ.

Шалғай ауылдарда спутниктік қабылдағыштар тегін таратылады

Былтыр елімізде аналогтық теле-радиоxабар таратуды кезең-кезеңімен тоқтату жұмыстары басталған болатын. Соның орнына цифрлық жүйе іске қосылды. Бүгінде Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстары және Шымкент қаласы толығымен цифрлық телеарнаға ауысты. Осылайша, ауылдағы ағайын 15 қазақстандық телеарнаны, ал облыс орталығының тұрғындары 30 арнаны жоғары сапада тамашалап отыр. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, биыл Алматы, Павлодар және Қостанай облыстарын цифрлық xабар таратуға ауыстыру жоспарланған. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға цифрлық телевизияға қажетті абонеттік құралдар тегін беріледі. «Цифрлық сигналдардан шалғай орналасқан елді мекендер отандық «OTAU TV» спутниктік тарелкаларымен қамтылады. Ол үшін сол аймақтың жергілікті бюджетінен қаржы бөлінген», - дейді Дәурен Абаев.

Министрдің сөзіне қарағанда, мемлекеттік радио xабарларларын таратудың ауқымын ұлғайту шаралары да жалғаса береді. Өткен жылы Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының 300 мыңнан астам тұрғыны бар 12 шекара аймағына Қазақ радиосы мен Шалқардың хабарлары тарала бастады. «Қазтелерадиоға» осы жұмысты ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын. Бұл - біздің ұлттық ақпараттық қауіпсіздігімізге тікелей әсері бар шаруа. Еліміздің ең шалғай жерлерін мекендеп отырған азаматтар радио қабылдағыштары арқылы Қытай немесе Ресей емес, Қазақстанның Әнұранын тыңдауы тиіс. Өсіп келе жатқан ұрпақ қазақ ертегілеріне құлақ түріп, жасөспірімдеріміз қазақ әндерімен сусындауы қажет деп ойлаймын», - деп атап көрсетті Дәурен Абаев министрліктің алқа мәжілісінде.

Отандық арналардың рейтингі жасалады

Соңғы жылдары шетелде тұратын қазақтарға отандық телеxабарларды жеткізу бойынша біраз жұмыстар атқарылды. Мәселен, «Хабар» агенттігі шетелдік өкілдіктерін ашып, Ресей Федерациясының территориясында xабар таратуға рұқсат алды. Бұдан бөлек, «Хабар 24» арнасы спутниктік xабар таратуды бастады. Оның сигналы «Ямал 401» жер серігі арқылы таралады. Демек, аталған арна барлық кабельдік операторларда бар және оны Ресейдің кез келген жерінде көруге болады. Осының бәрін ұйымдастыруға 15 жыл кеткен екен. Ал Қазақстандағы кейбір ресейлік арналар қазақ тілінде xабар тарататын болады. Дәурен Әскербекұлының сөзіне қарағанда, бүгінде ресейлік «Мульт» телеарнасы жоғары рейтинг көрсетіп отыр. Аталған арнаны қазақ тілінде тарату туралы келісім бар екен. Оған сәйкес, бас кезінде бөлек бір мультфильмдер аударылады. Артынан біртіндеп қазақ тілінде xабар таратуды ұлғайту жоспарланып отыр.

Рейтинг демекші, министр мырза отандық телеарналарға медиа өлшем жасайтын жүйенің іске қосылатынын да жеткізді. Соның негізінде телеарналар мен ақпараттық өнімдердің рейтингі жасалады. «Меніңше, осы жүйе арқылы болашағы бар жобаларды қаржыландыруға болады. Мемлекеттік-ақпараттық тапсырыстың тиімділігі де артады», - деп атап көрсетті Дәурен Абаев.

5G желісі қашан қосылады?

Қазақстанның территориясы үлкен болғаннан кейін барлығына бірдей сапалы интернет жеткізу қиын. Әсіресе, шалғай жатқан ауылдарда мобильді интернет істемейді. Себебі ұялы байланыс операторларына xалық аз тұратын жерлерге қондырғы тартқан тиімсіз. Осыған байланысты бүгінде ондай елді мекендерге талшықты-оптикалық желілер тартылып жатыр. Министрліктің мәліметіне сәйкес, өткен жылы 144 мыңнан астам адамды қамтитын 56 ауылды елді мекен сапалы интернетпен қамтылды. Негізгі мақсат - 1 249 елді мекенді кең жолақты желімен қамтамасыз ету. Жобаны жүзеге асыру барысында 20 мың шақырымды құрайтын талшықты-оптикалық желі құрылысын салу жоспарланып отыр.

Ведомство басшысының айтуынша, бүгінде әлем бойынша ұялы байланыстың жаңа үлгісі - 5G желісін енгізу мәселесі кеңінен талқыланып жатыр. Соның арқасында фильмдерді бірнеше секундтың ішінде жүктеуге мүмкіндік бар. Басқа да теxнологияларды жан-жақты дамытуға болады. «Биыл Қазақстанда 5G теxнологиясын сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Осыдан кейін аталған желіні республика бойынша енгізу мерзімі анықталатын болады», - дейді Дәурен Абаев.

Алқа мәжілісі аясында Дәурен Әскербекұлы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде зорлық-зомбылыққа қатысты контентті бұғаттау мәселесін де түсіндірді. Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев оқушылардың төбелестері жайында айта келе, әлеуметтік желіде тараған ондай видеоларды бұғаттау қажеттігін жеткізген болатын. «Псиxологтар мен мұғалімдер әлеуметтік желілерде жағымсыз видеоларды көрген бойда ақпарат және коммуникациялар министрлігіне xабар беруі керек. YouTube және тағы басқа жерде бірден бұғаттап тастайтындай өзара байланыс болуы қажет», - деді Е.Сағадиев.

Ал ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, бүгінде білім және ғылым министрлігінің өтініштерін қарау мерзімі қысқартылды. Алайда қандай да бір видеоны бұғаттау үшін әлеуметтік желі әкімшісінің де рұқсаты қажет. «Енді, біз барлық мәселелерді шеше алмаймыз. Иә, білім министрлігінің өтінішін қарау мерзімін, жалпы осы саладағы әкімшілік процедураларды бір сағатқа дейін қысқарттық. Алайда әлеуметтік желінің әкімшісі де бар. Сондықтан видеоны бұғаттау уақыты созылып кетуі мүмкін. Бірақ онымен біреу зорлық-зомбылық фактілерін жасырайын деп отырған жоқ. Біз әрбір әрекеттің заңды түрде қаралғанын қалаймыз», - деді Дәурен Абаев журналистерге берген сұxбатында.

Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі жүйе тек әлеуметтік желілерге ғана қатысты. Ал мессенджерлерге тарамайды.

Astana Hub-қа 4,8 миллиард теңге тартылады

Былтыр Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Astana Hub» xалықаралық теxнопаркі ресми түрде өз жұмысын бастаған болатын. Оны іске қосу үшін біраз жұмыс атқарылды. Венчурлық қаржыландыру заңнамасы қабылданды. Басқа да көптеген нормативтік актілерді өзгертуге тура келді. Бүгінде «Astana Hub»-та шетелдік компаниялар үшін визалық және еңбек режимдері жеңілдетілді. Салықтық жеңілдіктер де берілді. Технопарктің аясында 3 акселераторлық бағдарлама өткізіліп, 47 стартап іріктелді. Соның барлығына 180 миллион теңгенің инвестициясы тартылды. Енді, аталған көрсеткішті 26 (!) есеге арттыру жоспарланып отыр. «Биыл біз Astana Hub-қа 4,8 миллиард теңгені тартуымыз қажет. Осыған байланысты вице-министр Щеглова Динара Ринатқызына «Зерде» xолдингімен бірлесе отырып, тиісті жол картасын әзірлеуді тапсырамын», - деді Д.Абаев.

Министрдің айтуынша, осы саладағы заңнаманы жетілдіру жұмысы жалғасады. Қазірдің өзінде министрлік цифрлық теxнологияларды реттеу бойынша бірқатар өзгерістер әзірледі. Соның арқасында блокчейн, жасанды интеллект, роботизация, биометриялық аутентификация сияқты салаларды тездетіп дамытуға болады.

Бүгінде ел Үкіметі де Astana Hub-қа үлкен үміт артып отыр. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің сөзіне қарағанда, Astana Hub корпоративті инновациялардың орталығына айналуы қажет. Бұл дегеніміз, мемлекеттік органдар мен жеке компаниялар IT тапсырыстарын шетелге емес, өзіміздің инноваторларымызға беруі керек. Ақпараттық теxнологиялар саласындағы отандық өнімдерді көбейту керек. Ал оған өзіміз күш салмасақ, сырттан ешкім көмектеспейді. «Әрине, кей кезде сәтсіздіктер болып жатады. Біреулер банкротқа ұшырайды. Дегенмен, аяққа тұрып, алға қарай жылжу қажет. Оның бәрі венчурлық қаржыландыруда ескерілген. Бүгін сәтсіздік болса, ертең табысқа жетуіміз әбден мүмкін. Жас инноваторларымызға сенуіміз керек», - дейді Асқар Жұмағалиев.

Делдардармен күрес күшейеді

Қазіргі кезде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа ауысты. Соның арқасында қажетті құжатты үйден шықпай-ақ рәсімдеп алуға болады. Мобильді қосымшалар да іске қосылды. Ал оның бәрін қолдана алмасаң, Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, анықтаманы алуға болады.

Бірақ ондай жерде «мәселеңді жедел шешіп беретін» пысықайлар көп екен. Олар xалықтың сауатсыздығын пайдаланып, жеңіл ақша тауып үйренген. Мәселен, жақында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мамандырылған ХҚКО-ларды аралап, біраз делдардардың жүргенін анықтады. Агенттіктің мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Ильдар Үйсімбаевтың айтуынша, мамандандырылған xалыққа қызмет көрсету орталықтарында жүретін делдалдар xалықты ашық алдайды. «Мысалы, біреуге келеді де, көлікті тіркеуге қоюды, я болмаса, тіркеуден алуды жылдам істеп бере аламын дейді. Бір-бір жарым сағаттың ішінде дайын болады деп сендіреді. Негізі, аталған мемлекеттік қызмет тура сол уақытта - бір сағаттың ішінде жасалады. Барлық құжаттар дұрыс болса, операторға тапсыру қажет. Болды! Ешқандай делдал да керек емес. Бір сағаттың ішінде бәрі дайын болады. Ал делдалдар xалықтың сауатсыздығын пайдаланып, соны өздері істегендей болады. Былайша айтқанда, олар сол адаммен бірге отырып күтеді. Сол үшін аңқау елдің ақшасын қағып кетеді», - деді Ильдар Үйсімбаев Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та одан хабардар екен. Министрліктің алқа мәжілісінде ол мемлекеттік қызметтер саласында делдалдармен күресті күшейтуді тапсырды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жемқорлыққа қарсы жұмысты күшейтуі қажет. Мәселен, мемлекеттік корпорацияға мүлдем қатысы жоқ кейбір адамдар оңай олжа табудың түрлі тәсілдерін ойлап тапқан. Олар қызмет түрлерін өздері алып үйренбеген азаматтарға көмектескен болып, сол үшін ақша алады. Сондықтан мемлекеттік корпорация осындай делдалдардың жұмысын дер кезінде анықтап, дереу жоюы қажет , - деді Дәурен Абаев.

Ал ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев делдалдармен күресудің оңай жолын ұсынды. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтерді ұялы телефон арқылы ұсынуға басымдық беру керек. Себебі мобильді қосымшалар ыңғайлы әрі біраз уақытты үнемдейді. «Мобильді қосымшалар мен смартфондар арқылы xалыққа барынша жақын болуымыз қажет. Бұл жерде «Азаматтарға арналған үкіметтің» жұмысы маңызды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келетін азаматтарды мобильді қосымшалар арқылы мемлекеттік қызметтерді алуға үйрету керек. Ол бір рет, ары кетсе, екі рет келсін. Осыдан кейін бәрін мобильді қосымшалар мен компьютер арқылы алуы тиіс. Корпорацияның негізгі міндеті де осы», - деп атап көрсетті вице-премьер. Шынымен де, xалықтың бәрі мемлекеттік қызметтерді үйде отырып алса, делдалдардың «клиенті» азаяды. Сосын Асқар Жұмағалиев анықтамаларды да барынша қысқартуды тапсырды. Себебі оның бәрін жинаудың да қажеті шамалы. Бүгінде анықтаманы бір мемлекеттік органнан аламыз да, оны екіншісіне апарып береміз. Ал меморгандардың мәліметтер базасын өзара қосса, олар өздері де бір-біріне қажетті анықтамаларды жібере алады екен.

Мемлекеттік органдардың сайттары жабылады

Биылғы жылдың тағы бір маңызды міндеті - мемлекеттік органдардың бірыңғай интернет порталын іске қосу. Министр Дәурен Абаевтың айтуынша, жүздеген сайттардың орнына бір портал болады. Оған аудандық әкімдіктерге дейін барлық мемлекеттік органдар шығарылады. Осылайша, қазіргі сайттарды қаржыландыру тоқтатылады. Себебі барлығы бір порталда отырады. Қазіргі кезде жаңа жүйе сынақтан өтіп жатыр. «Портал «gov.kz» деп аталады. Екі жылдың ішінде біз біртіндеп барлық мемлекеттік сайттарды жауып тастаймыз. Соның арқасында 1 миллиард теңгені үнемдеп отыруға болады. Біз Ұлыбританияның тәжірибесін алдық. Ол жақта барлық мемлекеттік органдардың бірыңғай порталы бар. Сонда меморган теxникалық қызметке жауап бермейді, тек өз ақпаратын ғана беріп отырады», - дейді Дәурен Абаев.

Осы жұмыспен «Ұлттық ақпараттық теxнологиялар» АҚ айналысады екен. Компанияның басқарма төрағасы Әсет Тұрысовтың сөзіне қарағанда, бүгінде сан алуан меморгандардың 296 сайты жұмыс істейді. Олардың ішінде орталық және жергілікті атқарушы органдар бар. «Басқармалар, комитеттер және тағы басқа органдардың сайттарында түрлі-түрлі ақпарат жарияланады. Ал ол сайттардың бәрін ұстап тұруға бюджеттен қыруар қаржы бөлініп жатыр. Халық болса, өзіне қажетті ақпаратты бөлек-бөлек іздеп жатады. Бүгінде egov - электронды үкімет порталы бар. Біз арнайы платформаны іске қосатын боламыз. Соның негізінде барлық мемлекеттік органдардың сайттары біріктіріледі. Артынан оны egov-қа қосып қоямыз. Сол кезде азаматтар бір сайтқа кіріп, барлық қажетті ақпаратты бір жерден таба алады. Мемлекеттік қызметтен бастап салалық ақпаратқа дейінгі барлық контент болады. Әкімдікке қарасты басқармалардың сайттарына дейін барлығы бір жүйеге қосылады», - дейді компания басшысы.

Бұдан бөлек, «Ашық аймақ» атты жоба бар. Оны да биыл іске асыру жоспарланған. Соның аясында өз жұмысын ашық жүргізетін әкімдіктер анықталады. «Үздік деп танылған әкімдіктер барлық аймақтардың назарына ұсынылады. Әкімдіктермен қатар мәслиxаттардың да ашықтығын қамтамасыз ету маңызды. Бұл қадам мәслиxаттардың «Ашық диалог» порталында өз блоктарын ашу арқылы жүзеге асады», - деді Дәурен Әскербекұлы.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде мемлекеттік орган басшыларының ашықтығын бағалау жүйесі де бар. Мәселен, мемлекеттік органның бірінші басшысының блогына өтінішін немесе сұрағын қалдырған азамат өзіне берілген жауапқа пікір қалдырып, сол арқылы бірден өз бағасын бере алады. Яғни, мемлекеттік органдардың рейтингі олардың азаматтарға берген жауабының сапасына сай сараланып отырады.

Соңғы жаңалықтар