Ақпарат және қоғамдық даму саласындағы қоғамдық кеңестің отырысы өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде биыл алғаш рет Ақпарат және қоғамдық даму саласындағы қоғамдық кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, отырыс онлайн форматта жүргізілді. Іс-шараға Қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік органның ведомстволық бағынысты ұйымдары және тағы басқалары қатысты.

Министрліктен мәлім еткендей, отырыс барысында пандемия кезіндегі ақпараттық жұмыс және БАҚ-қа қолдау көрсету, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат, сонымен қатар ҮЕҰ гранттық жобаларын жоспарлау және іске асыру әдістемесін жетілдіру туралы мәселелер талқыланды.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимыл нысандарын одан әрі дамыту, қоғамдық мониторинг және мемлекет қабылдайтын шешімдерді бақылау қажеттігін атап өтті. Сондықтан «Қоғамдық бақылау туралы» Заң осы мәселеге бағытталатын болады», - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.

А.Балаеваның айтуынша, білім мен еңбекке ұмтылу арқылы ұлттың адами капиталының сапасын арттыру міндетін жұртшылықпен ынтымақтастық арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Министрлік мұндай кездесулерді тұрақты негізде өткізуді жоспарлап отыр.

«Біз сіздердің ұсыныстарыңыз үшін әрқашан ашықпыз және оларды белсенді талқылауға дайынбыз», - деді министр.

Онлайн отырыс барысында Қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірлері талқыланып, ақпарат, азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл және этносаралық қатынастар салаларындағы жұмысты жетілдіру бойынша ұсыныстар тыңдалды.

Айтылған барлық пікірлерді, ескертулер мен ұсыныстарды хаттамаға енгізу және жауапты тұлғалардың назарына жеткізу жөнінде тапсырмалар берілді.


Соңғы жаңалықтар