Ақпарат вице-министрі жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты: Қазір нақты ұсыныстар қажет
2022 жылғы 18 қаңтар 15:24

Ақпарат вице-министрі жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты: Қазір нақты ұсыныстар қажет

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов елде болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты өз ойымен бөлісіп, азаматтық қоғам ұйымдарының ұсынысын тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдегі болған жағдай бәрімізге мәлім. Қазір қолдау білдіріп, басу айту ғана емес, нақты ұсыныс қажет. Іске көшетін уақыт келді. Жаппай тәртіпсіздіктер еліміз бойынша 12 алаңда өтті. Оған қатысушылардың дені жастар. Олар кімдер? Көбісі жұмыссыз, үй-күйі жоқ жастар. Көбі ауылдан шыққан және қазақтілді жастар. Осы жерде сұрақ туындайды «елдегі жаппай тәртіпсіздік кезінде қай үкіметтік емес ұйым өкілдері алаңға шығып оларға басу айтып, ақылға шақырды?» Ешкім шыққан жоқ. Азаматтық және үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік органдармен бірлесіп дұрыс жұмыс жасай алмай отыр. Бізде құзырлы орган ретінде қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардан нақты ұсыныс керек. Біз өз кезегімізде қарауға әзірміз», - деді Болат Тілепов.

Министр орынбасарының мәлімдеуінше, қоғам мәселесі мемлекет пен азаматтық ортаның өзара әрекетінің нәтижесінде оң шешімін табады.

«Мен бүгінгі жиынға сіздерді тыңдау үшін келдім. Жиын қорытындысы бойынша ұсыныстарыңызды жинап, жоғарыға жеткізетін боламыз», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Қазақстан азаматтық альянсында Мемлекет басшысының жуырда халық жасаған үндеуі мен Үкіметке жүктеген тапсырмалары талқыланды.

Аталған жиында альянс президенті Бану Нұрғазиева қоғам алдында мемлекеттік органдар ғана емес, әр адам жауапты екенін еске салды.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT