Ақпарат саласында 100-ден аса алаяқтық қылмыс ашылды - ІІМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде ақпарат және байланыс саласындағы құқық бұзушылықтың жедел алдын алу бойынша «Hi-tech» шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ел аумағында «Hi-tech» жедел алдын алу шарасы өткізілді. Бұл шараның мақсаты - ақпараттандыру және байланыс саласындағы құқық бұзушылықтарды ашу, анықтау және жолын кесу, сондай-ақ тыйым салынған өнімдер мен оларды заңсыз көбейтіп, таратқан адамдарды анықтау», - делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, арнайы операция барысында 99 құқық бұзушылық анықталды. Одан бөлек, ақпараттық жүйені пайдаланушыларға қатысты бұрын орын алған 104 алаяқтық қылмыс ашылды.

«Сондай-ақ заңсыз айналымнан 4 мың, соның ішінде 3,6 мың контрафактілік өнім алынды. Порнографиялық және лицензияланбаған бағдарламалық қамту өнімдері бар тасымалдағыштар тәркіленді», - деп хабарлайды ІІМ.

Бүгінде анықталған құқық бұзушылық фактілері бойынша сараптама тағайындалды, сотқа дейінгі тергеу қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

Соңғы жаңалықтар