Ақпарат министрлігі «Цифрлық Қазақстан» мембағдарламасының жобасын әзірледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде әлем елдері мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру арқылы бюджеттің қыруар қаражатын үнемдеп келеді.

Сарапшылардың есебіне сәйкес, дүниежүзі бойынша үкіметтің цифрлық трансформациясын жүзеге асырудың арқасында 1 трлн. доллардан астам ақша үнемделіп отырады. Мәселен, Австрия астанасы - Венаның өзі электронды қызметтермен жыл сайын 2 млн. еуроны үнемдейді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан да аталған бағытта біраз шаруаның басын қайырып үлгерді. Алайда мемлекеттік қызметтерді элекронды үлгіге ауыстырудың арқасында қанша қаражаттың үнемделгені әлі белгісіз.

"Қазіргі кезде біз бағдарламаны әзірлеп жатырмыз. Бірақ оның экономикалық тиімділігіне қатысты есеп-қисапты сәл кейінірек жариялайтын боламыз. Шынымды айтсам, дәл қазір шамамен қанша болатынын да айта алмаймын. Дегенмен, ол жүйе тиімді, ашық әрі үнемді болатынын нық сеніммен айтуға болады", - деді "Зерде" xолдингі" АҚ басқарма төрағасы Әсел Жиенбаева "ҚазАқпарат" тілшісіне берген сұxбатында.

Оның айтуынша, бүгінде "Цифрлық Қазақстан - 2020" мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, бес министрлікте цифрлық кеңселер ашылып, мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру мәселесі зерделенуде.

Қазірдің өзінде "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы аясында 530 мемлекеттік қызмет электронды форматқа ауыстырылды. Аталған қызметтерді мобильді қосымшаға көшіру шаралары да атқарылып келеді.

 

Соңғы жаңалықтар