Ақпарат - бұл демократия оттегісі, оған еркін қолжетімділік - жемқорлыққа қарсы дауа - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

None
None
АСТАНА. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Біздің заңнаманың барлық көлемінде ақпараттық-құқықтық кеңістіктегі ахуалды анықтайтын жүйе құрайтын заңнамалық актілерді біріктіретін заңнама жоқ.

Бұл пікірді бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жақып Асанов «Қазақстанда «Ақпаратқа қол жетімділік туралы» Заңды қабылдау: шынайы жағдайы және болашағы» атты тақырыппен өтіп жатқан сарапшылар кездесуі барысында білдірді.

«Қазіргі заманғы қазақстандық қоғамда ақпарат жалпыға қолжетімді болуы керек деген тұрақты пікір бар. Алайда біздің заңнаманың барлық көлемінде ақпараттық-құқықтық кеңістіктегі ахуалды анықтайтын жүйе құрайтын заңнамалық актілерді біріктіретін заңнама жоқ. Мемлекеттік органдардың ақпараттық ашықтығы стандарттары да жоқ», дейді ол. Оның атап өтуінше, ақпараттағы құқықты реттейтін нормалар әртүрлі нормативтік-құқықтық актілерге бөлініп кеткен және бұл құқықтық қатынастарды үзік-үзік қана реттейді. Тіпті біздің заңнамада ақпаратқа қолжетімділік дегеніміз не екендігі туралы базалық түсініктен де ада. Бұл проблеманы пайдаланып, әрбір мемлекеттік орган ақпаратты беру немесе бермеу керектігін, қандай мәліметтер ашық, қандайы жабық екендіктерін өздері шешіп отыр.

«Бүгінгі таңда өндіруші мен әлеуметтік-маңызды ақпаратты ұстаушылар және қатардағы азаматтар қарым-қатынасында теңсіздікті байқауға болады», деп атап өткен депутаттың сөзіне қарағанда азаматтар, оның ішінде кәсіпкерлер де бұл мәселеде сұраушы рөлінде, ал мемлекеттік органдар негізінен ақпарат пайдаланушыға рұқсат беру тәртібін қолданушы болуға тырысуда. Бұл кедергілерден өту жолында физикалық, моральдық, материалдық әрі уақыт шығындауға тура келеді. «Бұдан жемқорлық деңгейі басқа да факторлармен қатар ақпараттық саладағы мемлекет саясатына да тәуелді деген қорытынды шығаруға болады. «Ақпарат - бұл демократия оттегісі, оған еркін қолжетімділік - жемқорлыққа қарсы дауа» деп тегін айтпаса керек», дейді Ж.Асанов.

Депутаттың пайымдауынша, адамдар билік қызметі туралы толыққанды ақпарат ала алатын елдерде жемқорлық деңгейі өте төмен, ал адам құқығы мен бостандығын сақтайтын мемлекет жауапкершілікті әрі тиімді жұмыс істейді. «Сондықтан ақпаратқа қолжетімділік туралы заңды қабылдау қажеттілігі пісіп жетіліп отыр және бұл тақырып бірнеше жылдан бері мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастықтар, ҮЕҰ, сарапшылар және журналистер арасында талқылануда. Олар әрқашанда Қазақстанға ақпаратқа қолжетімділік мәселесі реттейтін заңнамалық тетіктер қажет деген пікірге келеді», дейді Ж.Асанов.

Соңғы жаңалықтар