Әкпар Мәжитұлы: Абайдың 145 өлеңі мен 3 поэмасын қытай тіліне аудардым

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ұлы ақынның қара сөздері мен өлеңдерін қытай тіліне аударған Қытай Халық Республикасында тұратын қандасымыз, жазушы, аудармашы, қоғам қайраткері Әкпар Мәжитұлымен сұхбаттасқан едік. Әкпар Мәжитұлы әдебиет саласындағы алғашқы туындысы мемлекеттік сыйлықты алған талантты жазушы. Сондай-ақ жеті тілді еркін меңгерген полиглот. Әкпар шығармашылықпен қатар мемлекеттік саясатта да сіңірген еңбегі ерекше тұлға. Ол қытай тілінде жазатын жазушы болғанымен, сол елдегі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан қайраткер. Біз Бейжіңдегі жазушы, аудармашы Әкпар ағамызбен бірнеше сауал төңірегінде әңгіме өрбіткен едік. Соны оқырмандар назарына ұсынамыз.

- Сізді Абайдың қара сөзін қытай тілінде аударған алғашқы аудармашы ретінде білеміз. Мемлекеттік сыйлықты да жас кезіңізде алған деп естиміз. Әңгімеңізді өзіңіздің шығармашылық тарихыңыз, атқарған қызметтеріңіз жөнінде айтумен бастасаңыз...

- Абайдың қара сөздерін қытай тіліне алғашқы аударған Сібе ұлтының өкілі Қабай (Ха Хуан Жаң) атты қаламгер еді. Ол кісі қазір 92 жасқа келді. Сол еңбектеріміз үшін биыл Қабай екеуміз бірге Қазақстан тарапынан марапатталдық. Мен 1994 жылы қазан айында Абайдың қара сөздерін қытай тіліне аударғанмын. 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Бейжіңдегі мемлекеттік «Ұлттар баспасында» қытайша, қазақша екі тілде «Абай ақылиясы» деген атпен басылып шыққан. Ол жолғы аудармамды Қытай тілді оқырмандар ыстық ықыласпен қабылдады.

Ал өзімнің жеке шығармашылығым туралы айтар болсам, мен 1972 жылдан бастап біраз жыл журналист болып қызмет істегенмін. Тек 1978 жылдан кейін әдеби шығармашылықпен айналыса бастадым. Ең алғашқы туындым «Hұрман қарт және оның тазысы барыс» атты әңгімем 1979 жылы Қытайдың мемлекеттік сыйлығын алды. 1981 жылы мемлекеттік жазушылар одағында жаңа құрылған «Ұлттар әдебиеті» журналына жұмысқа орналастым. Кейіннен жазушылар одағының ұлттар әдебиеті басқармасының басшысы болдым. «Ұлттар әдебиеті», «Жазушының түйінді жинағы»( 作家文摘•典藏), «Қытай жазушылары» секілді мемлекеттік журналдарға бас редакторлық қызметтер атқардым...

Саяси қызметтерім туралы айтар болсам, 1993 жылдан бастап 15 жыл Бейжің қалалық саяси кеңестің мүшесі (қалалық саяси мәслихаттың депутаты) болдым. 2008-2017 жылдары аралығында 10 жыл Қытай мемлекеттік саяси кеңестің мүшесі (депутаты – авт.) қызметін атқардым. Осы қызметте тұрғанда маңызды 4 заң жобасын ұсындым. Ол ұсыныстарым Қытай парламентінде мақұлданып, қазір солар заң ретінде атқарылып келеді.

Жеке шығармашылығыма келсек, «Қайран 15-тегі Қалидай», «Ақсақ құлан», «Көк көгершін», «Қанас бойында», «Баяғы Сүлейменім көрінбейді», «Мұхамет», «Мұқали» қатарлы 40-тан астам кітабым жарық көрді. Соның ішінде «Ақсақ құлан», «Мұқали», «Әкпар Мәжит шығармалары» секілді бірқатар жинағым Қазақстанда басылып шықты.

2018 жылғы қырқүйекте зейнетке шықтым. Қазір Қытай мемлекеттік жазушылар одағының киносценарийлер комиссиясының орынбасар меңгерушісі, Қытай мемлекеттік кино-сценарийшылар қоғамының заңды иесі деген сияқты қоғамдық қызметтерді атқарып келемін. Әрине, жазушы болған соң шығармашылықты да тоқтатқан жоқпын.

- Сіз қытай тіліне аударған «Абайдың қара сөздері» атты кітабыңыз неше рет қайта басылды? Ханзу оқырмандары қалай қабылдады?

- Мен аударған Абайдың қара сөздері алғаш рет Бейжіңдегі «Ұлттар баспасынан» басылып оқырмандармен қауышты. Содан бері бұл кітап он шақты рет қайта басылды. Соған қарап ханзу оқырмандары сүйіп оқитын кітап болғанын аңғаруға болатын секілді. Қытайдың ең танымал бір журналы Абайдың қара сөздерінен бірнеше мәрте үзінділер жариялады.

Айта кету керек, 2013 жылы 7 қыркүйекте төраға Си Цзиньпин Қазақстанда Назарбаев Университетінде сөйлеген сөзінде Абайдың «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» деген қара сөзін мысалға алып сөйлеген. Бұдан Қытай басшысының Қазақстан еліне зор құрметі барын және Абай философиясының ықпалы кең екенін аңғаруға болады. 2018 жылы Қытай халқының дәстүрлі Шаған мерекесінде өткен гала-концертте Қытайдың аса танымал әртісі Фың Гоң Абайдың осы қара сөзін оқып шықты. Сөйтіп, дәстүрлі жаңа жыл мерекесінде миллиардтаған көрермен ұлы Абайдан хабардар болды. Айта кетейін, сол мемлекет төрағасы мен жаңағы Фың Гоң оқыған Абайдың сөздері менің аудармам еді.

- «Қара сөзді» аударуда Сіздің жазушылық қаблетіңіздің арқасында ауырлық сезінбеген боларсыз. Ал енді ұлы ақынның өлеңдерін тәржімалауда қиындық туған жоқ па? Әлде сіздің де ақындық қасиетіңіз бар ма еді?

- Жоғарыда айтып өткендей, Абайдың қара сөздерін осыдан 26 жыл бұрын аударғанмын. 1995 жылдан бері сол аудармам оннан астам рет қайта басылды дедім. Биыл сол аудармамды қайталай бір зерделеп шықтым. Бұл жолы кейбір сөздерге, абзацтарға өзгеріс енгізілді. Ол да болса заманның талабы.

Ал өлеңді аударуға келсек, өзім қытай тілінде тек проза ғана емес, өлең де жазамын. 1979 жылы орталықтағы радиостансаға қазақтың 64 халық әнін қытайшаға аударып бергем. Сол жылы Шынжаң қоғамдық ғылым академиясына ханзушаға 30 мың әріптік «Шынжаңдағы қазақ әдебиетінің қысқаша тарихын» аудардым. Кейін Қытайдағы Сәйпидин Әзиз (ұйғыр) Құрманәлі Оспан (қазақ) секілді ұйғыр, қазақ, өзбек, қырғыз, татар ұлттарының жазушы, ақындарының прозасын, поэзиясын хан тіліне тәржімаладым. Сондықтанда ұлы ақынның өлеңдерін аударуда көп қиналмадым деуіме де болады. Әйтсе де, Абай өлеңдерін аударуда бір естен кетпейтін оқиға - 2019 жылы 16 қарашада компютерімдегі техникалық ақаудың себебінен аударып қойған Абайдың 36 өлеңі өшіп кетті. Әсіресе соның ішінде тәржімалап біткен «Сегіз аяқ» бар еді. Сөйтіп, екі ай бойы жасаған еңбегім еш болды. Амалсыздан қайта аударуға кірістім.

Биылғы карантин кезінде ұлы ақынның 145 өлеңін және 3 поэмасын қытай тілінде сөйлеттім. Бұл 145 өлең мен 3 поэманы маған Қазақстанның «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры таңдап берген болатын. Ол аудармамды 2020 жылы наурыздың соңында Жыжаң әдебиет бапасына тапсырдым. Маусымның басында екі аспирант қыз Абайдың қара сөзі мен өлеңдерінің корректорлық нұсқасын Хаң жоу қаласынан Бейжіңге әкеп өзіме көрсетіп қайтты. Жыжаң әдебиет баспасы «Абай» кітабына ерекше мән бергендіктен, тамыз айында басылып шығып үлгірді. Бұл данышпан ақынның 175 жылдық мерейтойына орай жасаған сый болды. Осы игілікті жұмысты ұйымдастырған Қазақстанның «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлына, қызметкері Анар Құрманжанқызына үлкен құрметімді білдіргім келеді...

- «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ұлы Абайдың шығармашылығын, тұлғасын танытуда, дәріптеуде қандай жұмыстар істеу абзал деп ойлайсыз?

- «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ұлы Абайдың шығармашылығын, тұлғасын біздің елдегі ханзу тіліндегі оқырмандарға өте ұнайды. Өйткені қытай халқының классик ойшылы Мыңзының «мейрімді болсаң адамды сүй» деген ойымен үндесіп тұр. Сондықтанда егер ұлы ақынның шығармасын біздің елге дәріптесе, қытай оқырмандары жылы қабылдайды деп ойлаймын...

- Сіз аударған Абайдың қара сөздері қытайтілді мерзімді басылымдарда жарық көрді ме?

- Мен аударған Абайдың қара сөздерін қытай тілінде шығатын таралымы ең көп «Оқырман өресі»(读者文摘) журналы үзінділерін берді. Бейжіңдегі «Ұлттар дыбыс-бейне баспасынан» (民族音像出版社) 2015 жылы қазақша, ханзуша, ұйғырша аудио нұсқасы жарық көрді. Сондай-ақ сол жылы 20 қарашада Үрімжі қаласында Абай шығармаларын дәріптеу үшін өткен көлемді ғылыми конференцияны да осы қатарға қоса кеткен жөн. Себебі сол ғылыми конференция әлеуметтік желіде кеңінен тараған болатын...

- Қазіргі «Абайтану ғылымы» қай деңгейде деп ойлайсыз?

- «Абайтану ғылымы» қазіргі уақытта ғылыми зерттеу жағынан айтқанда жаңа бағыттарға бет бұрды деп есептеймін. «Абайтануды» мемлекет тарапы да кеңінен қолдағаны байқалады. Әсіресе Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза биылғы бір сөзінде Абайдың шығармашылығын тереңдей зерттеуге бар күшті салу керектігін айтыпты. Бұл өте қуанышты жағдай деген болар едім. Себебі рухани жағынан кемелденген ұлт әлемдік аренада өз орынын таба алады.

- Биыл данышпан ақынның 175 жылдық мерейтойына байланысты тек қазаққа ғана емес, күллі адамзат баласына ортақ, ізгілікке, адамгершілікке шақыратын ой-толғамдары дәріптелу керек болған. Осы игілікті шараға орай ҚХР-да Абайды еске алу сынды қандайда бір мәдени іс-шара өтті ме?

- 2015 жылы 11 қарашада Бейжіңдегі зиялы қауым өкілдері Абайдың 170 жылдығына орай мәдени іс-шаралар ұйымдастырған. Сол игілікті іске менде қатысқанмын. Содан бері де Бейжіңдегі Шао Иаң паркіндегі Жынтай мәдениет орталығында Абай оқулары өтіп тұрды. Сондай-ақ Бейжіңдегі Абай ескеркіші де осы паркте орналасқан.

Ал алдағы 7 желтоқсанда Бейжіңде ұлы ақынның қара сөздері мен бірге биылғы қытайшаға аударылған өлеңдердің «Абай» атты жинағының тұсаукесері өтпек. Оны Қытайдағы Қазақстан Елшілігі ұйымдастарды екен.

- Сұхбатыңызға рахмет.


Соңғы жаңалықтар