Ақпанда теңге бағамы қандай болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаңтар айының басынан бергі өзгерістерге көз жүгіртсек, теңге 11 пункттен астамға нығайғанын көруге болады. Ақпан айында доллар бағамының қай бағытқа қарай қозғалатынын қаржы нарығының сарапшысы, Halyk Finance басқармасының мүшесі Мұрат Темірханов айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

Мұрат Темірханов krisha.kz сайтына берген сұхбатында атап өткендей, қазір теңге бағамында үлкен бір өзгеріс болып жатыр деуге келмейді.

«Әрине, мұнай бағасының 70 долларға көтерілуі теңгенің қымбаттауына әсер етті. Қазір теңге де рубль де мұнайдың бағасына қарай өзгеріске ұшырап отыр. Өткен аптаның аяғында бір доллар үшін бағам 320-дан сәл төмен болды. Бұл - мұнай бағасының негізіндегі өсім. Бүгінгі теңгенің сәл әлсіреуі және көтерілуі 5 теңгенің арғы-бергі жағында болады.  Бұл - қалыпты нарықтық өзгеріс.

Өткен жылы мұнай баррелі 56 долларға түскенде АҚШ валютасы 320-330 теңгенің айналасында болды. Біз бұл жерде Қазақстандағы  жылдық 7 пайыз инфляцияны да есепке алуымыз керек. Қателеспесем АҚШ-тағы жылдық орташа  инфляция көлемі 1 пайыздың айналасында. Демек баррель бағасы қалыпты бір деңгейде сақталып тұрса да, жылдың басы мен аяғында теңге бәрібір әлсірейді деген сөз», - дейді ол.

Сарапшының атап өтуінше, бүгін Ресейге санкция салынады деп күтіледі. Осыған байланысты ақпанда рубль әлсіреуі мүмкін. Әрине, бұл теңгеге де әсер етеді. Яғни, осы не басқа себептерге байланысты рубль 20 пайызға құнсызданса, теңге 7-10 пайызға әлсірейді.

«Сондай-ақ ұлттық валютаның құнсыздануына мұнай баррелінің қайта арзандауы да әсер етуі мүмкін. Қара алтынның құнына қатысты біз көп жағдайда  Bloomberg болжамдарына сүйенеміз. Олар 70 долларды тым қымбат деп отыр. Алдағы уақытта орташа есеппен нарықтағы баға 62 доллардың төңірегінде болуы керек деп күтіледі.

Тағы да айта кетейін, мұнай баррелінің 60 доллардан асуы біздің экономикамыз үшін тәп-тәуір баға. Мұндай сценарий бойынша жүре берсе теңге бағамында айтарлықтай өзгерістер болмайды, бюджеттің де жағдайы жақсы болады. Аталған болжамдарға сәйкес ақпандағы төл валютамыздың долларға шаққандағы құны 320 теңгенің маңайында болады», - деді Мұрат Темірханов.

Соңғы жаңалықтар