Ақордадағы Қазақстан мен Беларусь келіссөздерінің нәтижесі қандай болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Ақордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Президенті Александр Лукашенконың Қазақстанға ресми сапары өзара түсіністік және сенім рухында өткенін мәлім етті. Осы орайда Мемлекет басшысы бұл маңызды сапардың ойдағыдай табысты болғанын ризашылықпен атап өтіп, екі елдің арасындағы уағдаластықтар мен келісімдер Қазақстан мен Беларусь халықтарының игілігін арттыруға тың серпін беретініне сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенко шағын құрамда, сондай-ақ кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізіп, күн тәртібіндегі екіжақты ауқымды мәселелерді қарастырды. Бұл тұрғыда негізгі талқылаулар сауда-экономикалық әріптестікті кеңейту бағытында өрбіді. Мұнымен қоса, мемлекеттер басшылары саяси, мәдени-гуманитарлық салалар мен халықаралық құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылдарды да егжей-тегжейлі қамтыды.

Қазақстан Президенті келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттар екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты тереңдету үшін жасалған маңызды қадам саналатынын жеткізді.

Атап айтқанда, ҚР Үкіметі мен Беларусь Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге, ҚР Бас прокуратурасы мен Беларусь Тергеу комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Беларусь Президенті жанындағы Жедел-талдау орталығы арасындағы жедел-техникалық саладағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жасау туралы келісімге, екі ел сыртқы істер министрліктері арасындағы 2020-2021 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Беларусь Ұлттық ғылым академиясы арасындағы Жерді қашықтықтан зондтау деректерімен алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Қазақстан мен Беларусь сауда саласында ұзақмерзімді жоспарды қабылдайды

Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақтың зор мүмкіндіктерін пайдаланып, қазіргі көрсеткіштерді одан әрі арттыру керектігін қадап айтты.

«Елдеріміздің қазіргі қарым-қатынасы өзара мемлекетаралық ықпалдастық аясында табысты әрі тиімді дамып келе жатыр. Оның негізін ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Беларусь Республикасының Президенті қалады. Сондықтан бұл сапарды Қазақстан мен Беларусь арасындағы жемісті стратегиялық серіктестіктің жалғасы деп санаймын», - деді ҚР Мемлекет басшысы.

Осы орайда Қ. Тоқаев бүгін Ақордада шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізілгенін, екіжақты және өңірлік, халықаралық мәселелер талқыланғанын, өзара байланыстың бірқатар маңызды бағыттары бойынша ортақ пікір болғанын атап өтті.

«Ең алдымен, сауда-экономика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқыладық. Былтырдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі шамамен 800 млн доллар болды. Бұл жақсы үрдіс, бірақ жеткілікті емес. Сондықтан бұл жұмыс келешекте де жалғасын табады деп үміттенемін. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақтың зор мүмкіндіктерін пайдаланып, қазіргі көрсеткіштерімізді одан әрі арттыруымыз керек. Үкіметтеріміз екі елге жеткізілген тауарлардың санын көбейту, өзара сауда-саттықты ұлғайту мәселелерін пысықтауы тиіс. Бұл бағытта бір-бірімізге қолайлы жағдай жасаудың маңызы зор. Осыған орай арнайы ұзақмерзімді жоспарды қабылдаймыз деп уағдаластық», - деді ҚР Президенті.

Айта кетейік, Беларусь делегациясымен келіссөздер барысында өндірістік байланыстарды күшейтуге баса назар аударылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда Беларусь капиталының қатысуымен 340-қа жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Осы ретте сегіз бірлескен кәсіпорын ірі өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы техникасын шығарумен айналысады екен. Осы компаниялардың тиімді жұмыс істеуіне қатысты мәселелерді жан-жақты талқыланды.

Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы және әскери-техникалық ынтымақтастық салалары бойынша қосымша бірлескен екі-үш жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру жөнінде келісімге қол жеткізілді. Кеше Нұр-Сұлтан қаласында өткен қазақ-беларусь бизнес-форумы іскерлік байланыстарды ілгерілетуге тың серпін берді. Форумның қорытындысы бойынша 11 келісімшартқа қол қойылды.

Өз кезегінде Беларусь Президенті Александр Лукашенко Қазақстан мен Беларусь кез келген мәселені ашық әрі еш бүкпесіз талқылайтынын айтты.

«Қазақстан-Беларусь қатынастарының деңгейі бүгінде біздің елдердің стратегиялық мүдделеріне толық сай келеді. Бұл жайында шағын құрамдағы кездесу барысында нақтылаған болатынбыз. Бұл өз кезегінде көп жылдар бойы жүргізілген жұмыстардың нәтижесі деп білеміз. Осы орайда бізге болашаққа маңызды жоспарларды құруға жол ашып отыр», - деді Александр Лукашенко.

Беларусь Президенті ресми Минск пен Нұр-Сұлтан арасында барлық деңгейлерде өзара іс-қимылдың оңтайлы тәжірибесі бар екенін атап өтті. «Бұл ретте өзара сенімнің деңгейіне тоқталсақ, біз кез келген мәселені ашық әрі еш бүкпесіз талқылаймыз. Бүгінгі шағын құрамдағы кездесу барысында экономикалық салада диалогты нығайтуға ерекше екпін қойдық. Қазақстан -біздің негізгі сауда серіктесіміз. Үш жылда тауар айналымын екі еседен астам өсірдік», - деді Александр Лукашенко.

Беларусь Президенті екі елдің арасындағы үйлестірілген тауар айналымына қол жеткізу бойынша Қазақстан тарапының ұсынысын қарастыруға дайын екендіктерін жеткізді.

Сонымен қатар ол Қазақстанмен ынтымақтастықта өз елі үшін маңызды басым бағыттарды атады.

«Басымдықты бағыт ретінде өнеркәсіптік кооперацияны ары қарай дамытуды айқындадық. Яғни бізді жай ғана саудадан бірлескен кәсіпорындар құрумен кооперациялық байланыстарға көшіп жатырмыз. Бұл бағытта екі ел аумағында Беларусь және Қазақстан азаматтары жұмыс істейді», - деді ол Ақордада.

Сонымен қатар, А. Лукашенко қол жеткізілген келісімдер туралы, сондай-ақ комбайндар және өзге де ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін арттыру жайында айтты.

«Біз Минск трактор зауытының техникасын Қазақстанда шығару стратегиясын айқындадық. Өнеркәсіптік кооперациямен қатар, екі ел арасында басқа да салаларда ынтымақтастықты нығайту үшін елеулі әлеует бар. Бұл ретте ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, жол құрылысы, мұнайхимиясы кешені, ІТ-технология, ғарышты бейбіт мақсатта игеру бағыттары бар», - деді ол.

Айта кетейік, дәстүрлі түрде Беларусь тарапын Қазақстанда өндірілген металл, астық, мақта талшығы, мұнай өнімдері және басқа да өнімдер қызықтырады. Мұнымен қоса, Беларусь мұнай жеткізілімін әртараптандыру мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Сондықтан да Қазақстаннан осы шикізат импортына мүдделі.

Мәдениет саласындағы байланыстар нығайтылмақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту маңызды деп санайтынын айтты.

«Тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстар — екі ел достық қатынастарының маңызды факторы. Осы орайда елдер арасындағы байланыстар шығармашылық зиялы қауым, оқу орындары және ғылыми ұйымдар тарапынан қолдау тауып келеді. Біз алдағы жылы Беларусь елінің атақты мәдениет қайраткерлері Қазақстанға келіп, қазақ қоғамдастығы алдында өнер көрсетеді деп келістік», - деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы кейіннен Қазақстанның белгілі мәдениет қайраткерлері, әртістері Минскке және өзге де қалаларға баратынын атап өтті

Президент келіссөздер барысында Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өту мәселесі де көтерілгенін жеткізді.

«Сол сұрапыл жылдары барлық кеңес халқы сияқты қазақ-беларусь халықтары да неміс басқыншыларына тізе қосып қарсы шықты. Басқыншылар әскерінің алғашқы соққысын қабылдаған Беларусь ең ауыр шығынға ұшырады. Біз әкелеріміздің ерен ерлігін ұмытуға хақымыз жоқ. Қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етуге міндеттіміз», – деді Қ. Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін Ақордада Беларусь Президенті Александр Лукашенко ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Минскке сапармен келуге шақырды.

«Қазақстан Президентін алдағы жылы Беларуське ресми сапармен келуге шақырдым. Бұл сапар бүгінгі уағдаластықтардың орындалуын, сондай-ақ қол қойылған келісімдердің атқарылуын қадағалауға мүмкіндік береді», - деді А.Лукашенко Ақордада.

Сонымен қатар ол жүргізілген маңызды талқылаулар үшін ҚР Президентіне алғысын айтты.

«Бүгінгі кездесудегі конструктивті қадамдар үшін алғысымды айтқым келеді. Осы орайда біздің елдер мен халықтардың игілігіне барлық күш-жігерімді салуға дайынмын. Қазақстан халқына айтарым, сіздер Беларусьпен тығыз байланыс орнатқандарыңыз өте дұрыс. Біз міндеттерімізді және уәдемізді орындайтын елміз, сәйкесінше ешкімді жарға жығып кеткен емеспіз. Сондықтан сіздер үшін сенімді ел ретінде болуға қауқарлымыз. Еурпаның ортасында сіздердің де жерлеріңіз бар екенін біліп жүріңіздер», - деді Александр Лукашенко Қазақстан халқына арнап айтқан сөзінде.

Соңғы жаңалықтар