Ақордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 2020 жылға арналған жаңа жоспары таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өткен комиссия отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бағдарламаның 2020 жылға арналған жаңа жоспарын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірлерде жобаларды сапасыз жоспарлау проблемасы бар. Нәтижесінде бастапқыда қойылған мақсат күткен нәтижеге сай келмей қалған тұстар кездесті. 2020 жылға арналған жаңа жоспар аталған проблемаларды ескере отырып жасалды. Мемлекеттік хатшымен бекітілген ол 122 бөлімнен тұрады», - деді Дәурен Абаев.

Министр өз сөзінде жаңа жоспарда көптеген шараның қысқартылғанын жеткізді.

«Бөлімдердің санын екі есе қысқарттық. Сапа көтерілер деген сенімдеміз. Жоспар негізгі үш бағытта жүзеге асыруды көздейді. Біріншісі – жеке даму. Екіншісі – ұлттық бірегейлік пен халықаралық таныстырылым. Үшіншісі – мемлекеттің, азаматтық қоғам мен жергілікті қоғамдастықтардың дамуы. Бұған дейін айтқанымдай, биыл құжат бойынша шаралар легі екі есе қысқарды. Осы шаралардың үштен бірі ғана форумдар мен фестивальдардан, сайыстар мен конференциялардан тұрады», - деді Дәурен Абаев.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бренд-бугын дайындау бойынша жұмыстардың басталып кеткенін мәлім етті.

Еске сала кетсек, бүгін Ақордада ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өткен болатын.


Соңғы жаңалықтар