Ақмоланың Жарқайың ауданы 417 мың тонна астық экспорттады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат-Жарқайың ауданы 417 мың тонна астық экспорттады. Бұл туралы аудан әкімі Мұрат Балпан халыққа есеп беру кездесуінде атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары  Асқарбек Үйсімбаевтың қатысуымен өткен кездесуде аудан басшысы биылғы жыл Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы халықтың болашаққа деген сенімі нығайғанын атап өтті.

Мұрат Балпан өз баяндамасында өңір дамуының басым бағыттарына кеңірек тоқталып, 2017 жыл аудан үшін нәтижелі жетістіктерге, маңызды оқиғаларға толы жыл болғандығын атады. Сондай-ақ, жұмыссыздық деңгейі төмендеп, әлеуметтік нысандар бой көтергенін тілге тиек етті.

«Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнімі 26,9 миллиард теңгені құрап, 584 мың тонна астық жиналды. Соңғы бес жылда ауданның егістік алқаптарының көлемі - 94 мың гектарға ұлғайып, 622,5 мың гектарға жетті. Астық халықаралық сұранысқа ие. Атап айтқанда, соңғы үш жылда 417 мың тонна астық экспортталды», - деді аудан әкімі.

Егін шаруашылығында алға басу байқалғанымен мал шаруашылығы саласында  жұмысты ширату қажет етеді.

«Осы ретте, сүт-тауарлары фермасы, сүт өңдеу цехы, ет комбинаты, мал бордақылау алаңдары мен мал сою пункттерін ашу жоспарға енгізілген. Коммуналдық салада биылғы жылы Державинск қаласында жылыту қазандығы салынбақ, осы істің нәтижесінде 7 көп қабатты үй, әлеуметтік нысандар, 5 сауда үйі орталықтандырылған жылу беру жүйесімен қамтылады», деп сөзін қорытындылады аудан әкімі.

Кездесуде тұрғындар тарапынан қойылған жылу жүйесіне қосылу, қоғамдық көлік маршруты, жол құрылысы сапасын қадағалау бойынша қоғамдық комиссия құру, «Масалы ТКБК» ашылуы бойынша сұрақтарға аудан басшысы нақты жауаптар берді.

Жарыссөзге ауданның құрметті азаматы Борис Швачкин, «Костычев» ЖШС директоры Балғабай Қабжанов, жас ұстаз Зинат Мықтыбекова, жеке кәсіпкер Сергей Филлипук қатысты.

Кездесу соңында «Державинская Агропромтехника» ЖШС директоры Валентин Сидоров «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «СХП Отрадный» ЖШС директоры Қасым Қожабеков Ақмола облысы әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан жерлестеріне әкім алғыс хаттарын табыс етті.

Соңғы жаңалықтар