Ақмолалықтарға төтенше жағдай кезінде мемлекеттік қызметтерді алу жолдары түсіндірілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің «Antikor» сервистік орталығында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Ақмола облысы бойынша филиалының өкілдері ақмолалықтарға төтенше жағдай кезінде мемлекеттік қызметтерді алу жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шарада филиалдың фронт-кеңселерінің қызметін үйлестіру басқармасының сарапшысы Әсет Сәрсекеев пен Көкшетау қаласы бойынша Халыққа қызмет көрсету жөніндегі №1 бөлім басшысының орынбасары Оксана Кособокова коронавирустың пандемиясы себебінен елде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты азаматтардың электрондық мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі туралы айтып берді.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар мемлекеттік қызметтерді тек онлайн ала алады, себебі Халыққа қызмет көрсету орталықтары өз қызметін уақытша тоқтатты.

Спикерлердің айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік қызметтің 80 пайыздан астамы egov.kz порталында қолжетімді, сондай-ақ, кейбір қызметтер мен сервистер ЕgovМоbile мобильдік қосымшасында, eGovKzBot2.0 телеграмм-ботында және Facebook пен ВКонтакте әлеуметтік желілерінде қолжетімді.

«Қажетті сұрақтар бойынша кеңес алу үшін 1414 байланыс орталығына хабарласуға болады. Бұдан басқа, үкімет қызметкерлері азаматтар үшін бейнеқоңырау арқылы көрсетілетін қызметті алушыларды мобильдік азаматтар базасында тіркеуді жүзеге асыратын болады», - дейді Оксана Кособокова.

Сондай-ақ, филиал өкілдері 21 наурызға дейін ХҚКО-ға құжаттарды тапсырып үлгерген азаматтар дайын құжаттарды беру бойынша бір терезе ғана жұмыс істейтін ХҚО-да дайын нәтиже ала алатынын атап өтті.

«Көлік құралын қайта тіркеген немесе жүргізуші куәлігін онлайн ауыстырған автокөлік иелері дайын құжаттар мен нөмірлерді өз қаласының мамандандырылған ХҚКО-нан ала алады, онда дайын құжаттарды беру тек бір терезе арқылы ғана жұмыс істейтін болады», - деп толықтырды Оксана Кособокова.

Айта кету керек, электрондық мемлекеттік қызметтер сыбайлас жемқорлықтың төмендеуіне ықпал етеді. Мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру Қазақстанның 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының мақсаттарының бірі болып табылады. Осы орайда, мұндай тікелей эфирдің қажеттілігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде халықтың сапалы құқықтық ақпараттандырылуын қамтамасыз етумен және сауаттылығын арттырумен байланысты.

Сонымен қатар, қандай да бір сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқықбұзушылықтарға тап болған жағдайда азаматтар Агенттіктің 1424 Call-орталығына қоңырау шалып, бұл туралы хабарлай алады.


Соңғы жаңалықтар